Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шик қазақ этноауылына барды
Сеулдің Ханган саябағында орналасқан этноауылда мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ұлттық сәндік-қолданбалы өнері, ән-күйі мен мәдени жәдігерлердің заманауи үлгілері таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик киіз үйді аралап көріп, қазақ халқының бірегей мұралары айшықталған «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады.
Этноауылда қазақ шеберлерінің қолынан шыққан дәстүрлі зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен киізден жасалған заттар көрмеге қойылған.
Меймандарға домбыра, дауылпаз, жетіген секілді ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған музыкалық бағдарлама ұсынылды.

«Бірлік» би ансамблі мен Қазақстан Республикасы академиялық корей театры балет труппасының бірлескен қойылымдары көрермен көңілінен шықты. «Достық» хореграфиялық композициясы қос халық арасындағы бірлікті, өзара құрмет пен тығыз байланысты паш етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шикке садақ ату өнері мен садақшылардың шеберлігі көрсетілді.
Диджитал-киіз үйде дәстүрлі қазақ баспанасының заманға сай түрленген көрінісі ұсынылды. Панорамалы LED-экран арқылы меймандар екі ел халықтарының достығына, Қазақстандағы корей этносының тарихы мен мәдениетіне, қазіргі тұрмыс-тіршілігіне қатысты бейнеконтентті тамашалады.

Этноауыл көрінісі қазақ-корей қарым-қатынасының нығайып келе жатқанын және екі ел ықпалдастығындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың айрықша рөлге ие екенін айғақтады.
Ханган саябағында аспанға дрондар көтеріліп, екі елдің мемлекеттік туларын бейнеледі, сондай-ақ «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» жазуы әдіптелген дирижабль ұшырылды.
t.me/aqorda_resmi



