Бас тақырыпЖаңалықтар

«Айбалта-2026»: «Спасск» оқу орталығында әскери жаттығу басталды

Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу орталығының полигонында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің қатысуымен «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Оқу-жаттығуға 600-ге жуық әскери қызметші және 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника тартылған.

Жаттығудың негізгі мақсаты – әскери бөлімдердің міндеттерді орындауға әзірлігін тексеру, командирлер мен штабтардың басқару, жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру. Сондай-ақ бөлімшелердің өзара іс-қимылы пысықталады.

Оқу-жаттығу кезінде штабтар әскерлерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және жағдай өзгерген кезде басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырады.

Практикалық кезеңде әскери қызметшілер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы пайдаланып, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайды.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері Бас жедел басқармасының бастығы, полковник Қанат Жәнкеевтің айтуынша, «Айбалта-2026» республика аумағында өтіп жатқан стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бір кезеңі саналады.

Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін басқару органдары мен әскери бөлімдердің әзірлік деңгейі бағаланып, жауынгерлік даярлықты одан әрі жетілдіру бағыттары айқындалады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: «Спасск» оқу орталығы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button