Зиянды әдетке жол жоқ
Жасөспірімдік шақ – адамның өмірлік ұстанымы қалыптасатын маңызды кезең. Осы уақытта орта ықпалына еріп, бір сәттік қызығушылықпен жасалған әрекет кейін орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан, жастарға зиянды әдеттердің зардабын ерте түсіндіру, олардың құқықтық сауатын арттыру – алдын алу жұмыстарының маңызды бағыты.

Осы мақсатта Қарағанды қаласындағы Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясында «Есірткі мен зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыбында профилактикалық тренинг өтті. Шара Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Кездесуде оқушыларға есірткі құралдарын қолданудың зардабы, оның заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік және жастарды есірткі ортасына тартуға қарсы іс-қимыл тәсілдері түсіндірілді. Қарағанды облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бахытжан Мұстафаев осы мәселелерге тоқталып, жасөспірімдерге қауіпті ортадан аулақ болудың маңызын жеткізді.

Қазіргі таңда жастарды есірткі қылмысына тартудың бір жолы – интернеттегі күмәнді ұсыныстар. Осы мәселеге қатысты кездесуде Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Ибрагим Тоқтасын да жастарға маңызды ескерту жасады.

– Бүгінде есірткі таратушылар жастарды интернет пен мессенджерлер арқылы «курьер», «тасымалдаушы», «закладчик» ретінде жұмысқа тартуға тырысады. Бір қарағанда, «Күніне 30-50 мың теңге табасың, тәжірибе қажет емес» деген ұсыныс оңай ақша сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, оның артында ауыр қылмыс тұруы ықтимал. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес есірткі заттарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Есірткіні қолданбағанын немесе тек апарып қойғанын сылтау ету жауапкершіліктен босатпайды. Бірнеше мың теңге үшін адам өзінің еркіндігі мен болашағынан айырылуы мүмкін. Сондықтан, күмәнді ұсынысқа ермей, бейтаныс адам тапсырған затты алмау және мұндай жағдай туралы ата-анаға, мұғалімге немесе құқық қорғау органдарына хабарлау қажет, – деді Ибрагим Тоқтасын.
Кездесудің негізгі ерекшелігі – оқушылардың өздері қатысқан форум-театр форматы болды. Жасөспірімдер есірткі қолдану қаупі, құрдастарының теріс ықпалы және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау тақырыптарында көріністер қойды.

Форум-театр барысында оқушылар проблемалық жағдайлардан шығудың өз нұсқаларын ұсынып, қабылданған шешімдердің ықтимал салдарын бірге талқылады. Мұндай интерактивті формат жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, сыни ойлауына, өз әрекетінің салдарын бағалауына және жауапты шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

– «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша біздің мектепте түрлі шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Саптық жиындардан бастап, сынып сағаттарына дейін балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлеміз. Басты мақсатымыз – заңды құрметтейтін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, адамгершілік құндылықтарды бағалайтын тұлға қалыптастыру. Осы бағытта ата-аналарды да тәрбие жұмысына тартып, Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы арқылы қауіпсіздік мәселелеріне арналған кездесулер ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, Оңтүстік-Шығыс полиция басқармасының қызметкерлері оқушыларға түрлі дәрістер өткізіп, құқықтық және профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, – дейді Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асел Еракынова.

Тренинг барысында оқушылар өмірде кездесуі мүмкін нақты жағдайларды талқылап, жағымсыз ықпалдан қорғану және денсаулығын сақтау бойынша практикалық ұсынымдар алды. Шара «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында өтіп, жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды. Мұндай кездесулердің мәні – жасөспірімге қауіптің алдын ала белгісін танып, дұрыс шешім қабылдауға бағыт беру. Есірткіден аулақ болу – тек жеке денсаулықты қорғау емес, өз болашағыңа жауапкершілікпен қарау.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



