Жаңалықтар

Қазақстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны 24 пайызға азайған

Соңғы күндері қазақстандықтар бас ауруы, тамақтың ауыруы, мұрынның бітелуі мен әлсіздік сияқты белгілерге жиі шағымданып жүр. Алайда мамандар елде ЖРВИ-дің жаңа өршуі байқалмайтынын айтады. Керісінше, биыл ауру жұқтырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 24,2 пайызға азайған. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының эпидемиологы Мейрамгүл Смағұлова мәлімдеді.

Сурет ЖИ

Маманның айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдай жыл бойы тұрақты бақылауда. Ақпараттық бақылау жүйесінің деректеріне сәйкес, шілде айының соңынан бері Қазақстанда ЖРВИ-дің 205,2 мың жағдайы тіркелген.

Ауырғандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Олардың үлесі 57,3 пайызға немесе 117 538 жағдайға жеткен. Оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар арасында 12 760 жағдай тіркеліп, жалпы көрсеткіштің 6,2 пайызын құраған.

Қазақстанда қандай вирустар жиі кездеседі?

Зертханалық мониторинг нәтижесіне сәйкес, тұмауға жатпайтын респираторлық вирустардың ішінде риновирустар басым. Шілде айының соңынан бері оң нәтиже берген сынамалардың 37,8 пайызы осы вирусқа тиесілі.

Одан кейін коронавирус – 18,9 пайыз, аденовирус – 17,6 пайыз, парагрипп вирустары – 14,9 пайыз, бокавирус – 6,8 пайыз және РС-вирус – 4,1 пайыз көрсеткішке ие.

Эпидемиолог айналымдағы вирустардың құрамы уақыт өте өзгеріп отыратынын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда тұмау жағдайы тіркелмеген.

Мейрамгүл Смағұлованың айтуынша, тұмауға жатпайтын вирустардың таралуы тұмау маусымы басталды дегенді білдірмейді. Дегенмен алдағы апталарда тұмау вирусының пайда болуын жоққа шығаруға болмайды.

Мамандар әсіресе балалар арасында ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда сақтық шараларын сақтауға шақырады. Аурудың алдын алу үшін қолды жиі жуу, бөлмені желдету, адам көп жиналатын орындарда сақ болу және сырқаттанған адамдармен байланысты шектеу маңызды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button