Мемлекет басшысы асыл тұқымды жылқылардың жағдайын тексерді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылқылары туралы Tengrinews.kz тілшілері президенттік ат қораға барып, олардың күтімі мен ерекшеліктерін білді деп хабарлайды Ortalyq.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Президенттің ат қорасында бірнеше ахалтеке тұқымды жылқы бар. Олардың қатарында Ганатлы, Мерварид, Табыс-Dacor, Армита-Мид, Ақжан және Ақниет пен Бөрте атты құлындар бар.

Солардың ішінде Ақжан ерекше танымал. Мамандардың айтуынша, ол – Президент ат қорасында дүниеге келген алғашқы құлын әрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйікті жылқысы. Оның есімін Мемлекет басшысының өзі қойған.

Ақжанның түсі де ерекше – изабелла түсті. Мұндай реңк ахалтеке жылқыларының шамамен 2,5–3 пайызында ғана кездеседі.

Қызметкерлердің айтуынша, Президент ат қораға келген кезде әр жылқыға өзі барып, қолынан жем береді. Жылқылар күніне бірнеше рет тазаланып, тұрақты түрде жаттығудан өтеді. Олардың денсаулығы ветеринар мамандардың бақылауында.

Ахалтекелердің рационына шөп, жоңышқа, астық, сәбіз, алма, дәрумендер мен мюсли кіреді. Кейде жеміне бал, ал айғырларға тауық жұмыртқасы да қосылады.
Мамандар жылқыларға күтім жасауда ең бастысы – олардың денсаулығы мен адамға деген сенімін қалыптастыру екенін атап өтті.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



