ЖаңалықтарСпорт

 Тазы жүгірткен жұртпыз

Елордада «Қазақ тазысы мен төбеті күніне» орай шырға тартудан ел чемпионаты өтті. Чемпионатқа еліміздің түпкір-түпкірінен 100-ден астам тазы әкелінді. Ал, облыстан барған 15 тазы арасынан жүйріктері  екі алтын және бір қола жүлде иеленіп, ел чемпионатынан олжалы оралды.

Суреттер жүлдегерлердің жеке мұрағатынан

Ел чемпионаты «Арландар», «Қаншықтар» және «Ардагер тазылар» арасында ұйымдастырылды. «Арландар» бәсекесіне қатысуға 50 тазы егесінен өтінім түскен. Әр топта мәреге бірінші болып жеткен жүйрікке ақтық кезеңге жолдама берілді. Соңында сегіз топтың жеңімпазы финалда бас қосып, жүлделі орындарды сарапқа салды.

«Қаншықтар» санатында 40 тазыны алты топқа бөліп, әр топтан үздік шыққан жүйріктер ақтық кезеңде өзара мықтыны анықтады. Айта кетейік,  екі санатта сынға түскен тазылар бір шақырымдық қашықтыққа жүгірді.

Алты жастан асқан тазылар «Ардагер тазылар» санатынғы 11 тазы екі топқа бөлінді. Әр топтан мәреге бірінші болып жеткен екі жүйрік ақтық кезеңге жолданды. Бұл тазылар 500 метр қашықтықты жүгіріп өтті.

Қарағандылық Манас Елубаевтың «Тұйғын» атты тазысы «Арландар» санатында мәреге бірінші жетіп, чемпион атанды.

– «Тұйғын» топтық кезеңде алдына қара салмады. Екінші болып келе жатқан тазыдан шамамен 30 метр алда болды. Финалдық бәсекеде де жүйрігіміз өзгелерден қара үзіп, бірінші болып мәреге жетті. Негізі, мұндай жарыстарда тазылардың уақыты есептелмейді. Дегенмен, Тазы федерациясының өкілдері «Тұйғынның» көрсеткен уақытын есептеп, 1 минут 11 секунд болғанын айтты. Жалпы, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәсекеге қатысушылар тазыларын жақсы дайындаған. Бәрі де бірінен-бірі өтеді. Сондықтан, мұндай додада жеңіске жетудің өзі – үлкен жетістік, – дейді Манас Ерланұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша Манас Елубаевтың «Тұйғыны» «Арлан тазылар» санатында алтын медаль иеленсе, «Қаншықтар» арасындағы бәсекеде Айдар Мұстафиннің «Шакари» тазысы мәре сызығын үшінші болып кесті. Ал, «Ардагерлер» санатында бақ сынаған Сағат Қапашевтің «Сарықасқасы» да алтын алды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button