«Отбасы күні»Жаңалықтар

Отбасы – ортақ жауапкершілік

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Қазір үйлену де оңай, ажырасу да оңай болып тұр. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр елімізде 45 мыңнан астам шаңырақ шайқалыпты. 1000 адамға шаққандағы жылдық ажырасу коэффициенті 2,24-ке жетті. Нақты өңірлерге келетін болсақ, ажырасу бойынша Павлодар көш басында. Ал, Қарағанды екінші орында. Мамандардың дерегінше, бүгінгі қоғамда ажырасуға итермелейтін себеп көп. Баспана, несие, материалдық жағдай. Бұлардан бөлек, жас жұбайлардың арасына қайын жұрттың жөнсіз араласуы да бар. Бұлар – жиі кездесетін себептер. Тізе берсеңіз, баршылық. Бүгінде жағымсыз статистиканы төмендету үшін мемлекет тарапынан нақты әрекеттер жасалып жатыр. Отбасын қолдау орталықтары негізгі тетікке айналды. Орталықтар жастарға «отбасылық өмірге қалай дайындалу керек?» деген сауалға жауап табуға көмек беруде.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығында отбасы институтын нығайту, жастардың некеге және отбасылық құндылықтарға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру мақсатында «Некеге дейін: 10 маңызды әңгіме» тақырыбында некеге тұруды жоспарлап отырған жастар мен ерлі-зайыптылар үшін практикалық тренингтер жиі ұйымдастырылады.
 Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығының директоры Аида Искакова тренингтерде қозғалатын тақырыптар жастар үшін өте өзекті екенін айтты.

 – Екі жастың үйлесімділігі, яғни ресми некеге дейін қарым-қатынастары басты назарға алынады. Отбасын құру контекстінде серіктестердің психологиялық, эмоционалдық, интеллектуалдық және тұрмыстық деңгейлерде бір-біріне қаншалықты сәйкес келетінін талдау да маңызды. Талдауға биоритмдердің, темпераменттердің үйлесімділігі және бір шаңырақта ұзақ уақыт бірге болу қабілетінің сәйкес келуі кіреді. Содан кейін, отбасылық құндылықтар. Жұптағы әр серіктестің өзіндік қалыптасқан жасырын «заңдар жиынтығы» болады. Құрылатын отбасының сәтті болуы үшін неке туралы идеяларды саналы түрде талқылау және салыстыру керек. Жастар үшін не маңызды екенін анықтап алу керек. «Мансап па, жайлылық па, адалдық па, дәстүр ме, дін бе?»деген сауалдар ашық қойылуы тиіс, – деді Аида Искакова.

Орталық мамандары тренингте міндетті түрде ашық талқылануы тиіс басқа да мәселелер қамтылатынын айтты. Мәселен, «романтикадан кейінгі шынайы өмір». Мамандардың айтуынша, шаңырақ көтеруге дайындық тек сезім мәселесімен шектелмеуі керек. Романтикалық кезең аяқталып, ерлі-зайыптылар күнделікті өмірге қадам басқанда, олардың алдында нақты міндеттер мен ортақ жауапкершілік пайда болады. Сондықтан тұрмыстық мәселелерді алдын ала талқылау маңызды. Соның бірі – үйдегі міндеттерді бөлу. Үй шаруасы, бала тәрбиесі, күнделікті тіршілікке қатысты жұмыстар кімнің міндеті екені үнсіз болжанбай, ашық талқыланғаны жөн. Қатаң стереотиптерден бас тарту да тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға көмектеседі. Ең бастысы – міндеттерді бір тарапқа ғана жүктемей, отбасының жағдайына қарай әділ бөлу.

Қаржы мәселесі де өзекті. Отбасылық өмірдегі келіспеушіліктің тағы бір себебі – қаржы. Сондықтан, жастар некеге дейін отбасылық бюджетті қалай жүргізетінін ойластырғаны дұрыс. Бюджет ортақ, бөлек, немесе, аралас болуы мүмкін. Маңыздысы – екі тарап та өздерінің қаржылық үлесін, үлкен шығындарды, несие мен қарызға деген көзқарасын алдын ала келісіп алғаны абзал. Сонымен бірге, болашақ отбасының қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру, баспана алу, ірі сатып алулар сияқты мәселелер де ортақ жоспарға енгізілгені маңызды. Ақшаға қатысты жасырын талаптар мен күтілімдер кейін үлкен жанжалға айналмас үшін, бұл тақырыпты ашық талқылау қажет.

Қайын жұрт пен жас отбасының шекарасы тақырыбын айналып өтуге болмайды. Отбасын екі адам құрады. Дегенмен, ерлі-зайыптылар бір-бірінің туыстарымен де қарым-қатынас орнатады. Сондықтан, үлкендерді құрметтеу мен жас отбасының дербестігі арасында тепе-теңдік болуы маңызды. Туыстардың ақыл-кеңесі қолдау ретінде қабылданғаны дұрыс. Алайда ерлі-зайыптылардың ішкі мәселелеріне шамадан тыс араласу – отбасының тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Бұл жерде жас жұбайлардың ортақ шешім қабылдай білуі және өз отбасының жеке шекарасын анықтай алуы шешуі рөл атқарады.

Орталықтың психолог маманы Анастасия Хоруженко жас жұбайларға жеке кеңістік те қажет екенін айтты.

– Бір шаңырақ астында өмір сүру барлық нәрсені бірге жасау деген сөз емес. Әр адамның жеке уақыты, хоббиі, достары, қызығушылығы және ішкі әлемі бар. Оны құрметтеу – өзара сенімнің бір көрінісі.Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірінің жеке кеңістігіне құрметпен қарап, қажет кезде өзіне уақыт бөлуіне мүмкіндік бергені жөн. Бұл алыстау емес, керісінше, салауатты қарым-қатынастың бір бөлігі. Жанжалды қалай шешу керек? Бұл да – маңызды сұрақ. Кез келген отбасында пікір қайшылығы болуы мүмкін. Маңыздысы – жанжалдың болуы емес, оны қалай шешетіні. Айқайлау, бір-бірін кінәлау, әдейі сөйлеспей қою, манипуляция жасау секілді деструктивті әрекеттер мәселені шешпейді. Жастарға жанжал кезінде бір-бірін тыңдап, мәселенің түпкі себебін түсінуге және ортақ шешім іздеуге үйрену маңызды. Отбасындағы пікірталастың мақсаты бір-бірін жеңу емес, екеуіне де қолайлы шешім табу болуы керек, – деді маман.

Отбасылық өмірдің тағы бір маңызды бөлігі – болашақты бірге жоспарлау. Баспана сатып алу, басқа қалаға немесе елге көшу, мансап жолы, бала туу және тәрбиелеу, білім беру, саяхаттау, тіпті қартайған шақтағы өмір салтына дейін ортақ жоспардың бір бөлігі болуы мүмкін. Әр адамның жеке арманы болғанымен, ерлі-зайыптылардың ортақ мақсаты да қалыптасуы керек. Бұл отбасының бір бағытта қозғалуына мүмкіндік береді.

Отбасы – ортақ жауапкершілік. Мамандар ерлі-зайыптылардың отбасын сақтаудағы өз рөлін түсінуі де маңызды екенін атап өтеді. Отбасылық жауапкершілік тек бір адамның мойнында болмауы керек. Екі тарап та қарым-қатынасты сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және туындаған мәселелерді бірге шешуге дайын болуы қажет. Бұл ретте өзара көмек көрсете білу де маңызды. Сырқаттану, жұмысынан айырылу, қаржылық қиындық немесе эмоционалдық тұрғыдан ауыр кезеңдерде серіктесіне қолдау көрсету – отбасының беріктігін сынайтын сәттердің бірі. Мұндай кезде ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйеніп, ауыртпалықты бөлісіп, қиындыққа қарсы команда ретінде әрекет ете білуі керек. 

Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Орталық базасында отбасын құруға дайындалып жатқан жас жұптарға психологиялық тұрақтылық, қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша тұрақты тренингтер өткізу көзделген. Өйткені, берік отбасы тек сезіммен емес, жауапкершілікпен де құрылады. Бір шаңырақтың астында өмір сүруге дайындық – үйлену тойына дайындықтан әлдеқайда маңызды. Жастардың некеге дейін бір-бірімен ашық сөйлесіп, болашаққа қатысты көзқарастарын анықтауы – көптеген мәселенің алдын алатын қадам. 

Ал, қандай жағдай болса да, отбасындағы зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Әйелді ұруға, қорқытуға, күш көрсетуге жол жоқ. Отбасылық жанжал мен зорлық-зомбылықтың ара жігін ажырата білу қажет. Құқықтық мемлекетте әр адамның қауіпсіздігі мен құқығын қорғайтын заң бар. Сондықтан мәселені күшпен емес, заң аясында шешу – басты қағида.

Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button