Тазалық өз аулаңнан басталады
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында «Үздік аула» облыстық байқауының мәресі жақындап қалды. Байқау тұрғындарды өз аулаларын абаттандыруға, тазалық пен тәртіпті сақтауға ынталандыруды мақсат еткен.

Байқау 14 тамызда басталып, 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған облыс аумағындағы мүлік иелерінің бірлестіктері, КСК және кондоминиумдар қатысып, бақ сынай алады.
Жобаның басты мақсаты – аулаларды көркейтуге тұрғындардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, абаттандыру мен тазалықты қамтамасыз етудің тиімді үлгілерін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, байқау тұрғындардың ортақ кеңістікке деген жауапкершілігін арттырып, көршілерді игі іске жұмылдыруға бағытталған.
Жеңімпаздарға да арнайы сыйлықтар қарастырылған. Бірінші орын иегеріне 300 мың теңге, екінші орынға 250 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталады. Бұдан бөлек, жекелеген номинациялар бойынша 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Байқау барысында ауланың тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандырылған аумақтың жай-күйі, аумақтың ұқыпты күтілуі және тұрғындардың ортақ іске белсенді қатысуы ескеріледі.
Байқау қорытындысы 20 қыркүйекке дейін шығады.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



