Қарағандылық спортшылар Көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғады
Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл облысында өткен 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп, ел қоржынына маңызды жүлделер салды. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы жарыс жолында үздік шыққан жерлестеріміздің нәтижелерін жариялады.

Дүниежүзілік додада топ жарған қарағандылық спортшылар қатарындағы Болат Сапар cамбодан жарыс жеңімпазы атанып, Көшпенділер ойындарының алтын жүлдесін иеленді.
Ал, Мирас Тақауиев Көкбөрі (көкпар) ұлттық ойынынан Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Аңсаған Қожанасіп Овари (тоғызқұмалақ) ойынынан үздік үштіктен көрініп, қола медальға ие болды. Сондай-ақ, Бақытжан Тлеуқабылов Ордо (асық ату) жарысынан қола жүлдені қанжығасына байласа, Жандос Бейсенбаев самбо күресінен жүлделі үшінші орынды иеленіп, қола медаль алды.
Тазы жарысында Нұржан Мырзахановтың «Найзасы» бақ сынап, жарыс қорытындысы бойынша 4 орынға ие болды.
«Бірлік – Дәстүр – Болашақ» ұранымен өткен 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бақ сынап, ел мерейін үстем еткен жерлестер мен жаттықтырушылар құрамын айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз!
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



