Қазақстанда бірқатар азық-түлік бағасы арзандады
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы бір апта ішінде төмендеді. Әсіресе пияз, сәбіз және картоп бағасында айтарлықтай арзандау байқалды.

Бір апта ішінде пияздың бағасы 7,2%-ға, сәбіз 4,6%-ға, картоп 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат 3,1%-ға, ал алма 1%-ға төмендеді.
Өңірлер арасында да баға төмендеген қалалар бар. Азық-түлік бағасының жалпы деңгейі Жезқазғанда 0,4%-ға, Қостанайда 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға азайды.
Қазақстан бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңге болды. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – 135 теңге.
Сәбіздің орташа бағасы 238 теңгені құрады. Павлодарда бұл өнімді 155 теңгеден сатып алуға болады.
Картоптың республика бойынша орташа бағасы – 234 теңге. Ең төмен баға Павлодарда 169 теңге, Қостанайда 183 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қызанақтың орташа бағасы 546 теңге болса, ең қолжетімді баға Таразда тіркелді – 315 теңге.
Ет өнімдері арасында сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 3 804 теңге, тауық еті 1 746 теңге болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы апта сайын бақылауға алынады. Мониторинг облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүргізіледі.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 өнім түрі кіреді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



