Саран, Абай және Шахтинскіде Кеншілер күні аталып өтті
Қарағанды облысының Саран, Шахтинск және Абай қалаларының тұрғындары Кеншілер күнін кең көлемде атап өтті. Кәсіби мерекеге кеншілер, сала ардагерлері, олардың отбасы мүшелері және қала тұрғындары қатысты.

Үш қалада бір уақытта мерекелік концерттер ұйымдастырылып, тұрғындарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Qarmet басқарма төрағасы Петр Трушин және компанияның көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов құттықтады.

-Бұл мереке біздің өңіріміздегі ең маңызды мерекелердің бірі болды және солай болып қала береді. Кеншілер облысымыздың дамуына зор үлес қосып келеді. Көмір саласының қызметкерлері мен ардагерлерін шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және қауіпсіз еңбек тілеймін, – деді облыс әкімі.

Сахнада танымал қазақстандық әншілер Luina, Нұржан Керменбаев және Bayansulu өнер көрсетті. Мерекелік кештер отшашумен аяқталды.

Кеншілер күні бұл қалалар үшін ерекше маңызға ие. Саран, Шахтинск және Абайдың тарихы мен дамуы көмір өнеркәсібімен тығыз байланысты. Мұнда бірнеше буын кеншілер еңбек етіп, еңбек әулеттері қалыптасқан.

-Qarmet кеншілерді, сала ардагерлерін, еңбек әулеттерін және кеншілер қалаларының тұрғындарын кәсіби мерекемен құттықтайды! Қарағанды көмір бассейнінің берік дәстүрлері кейінгі ұрпақтармен жалғасын таба берсін!,– деп пікір білдірді Qarmet ресми баспасөзі.

Кеншілер күніне арналған концерттер Qarmet ұйымдастырған өңірлік мерекелік бағдарламаның бір бөлігі болды. Мекеме кәсіби мерекеге орай кеншілерді, сала ардагерлерін, еңбек әулеттері мен кеншілер қалаларының тұрғындарын құттықтады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



