Бас тақырып

Қазақстанда Кертағының екінші құлыны дүниеге келді

Қазақстанда Кертағының (Пржевальский жылқысының) екінші құлыны дүниеге келді. Бұл жолы Умбра есімді бие құлындады. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет Экология және табиғи ресурстар министрлігінен

Бұл – Кертағыны тарихи мекеніне қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда туған екінші төл. Алғашқы құлын 2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келген болатын.

Қазір Умбра мен құлын бірге. Мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын бақылап отыр.

Екінші төлдің дүниеге келуі Қазақстанға әкелінген Кертағылардың дала жағдайына бейімделіп, табиғи жолмен көбейіп жатқанын көрсетеді. Бұл алдағы уақытта табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру үшін маңызды.

Кертағыны Қазақстанға әкелу 2024 жылы басталды. Алғашқы жылы Еуропадан жеті жылқы жеткізілді. 2025 жылы тағы жеті, 2026 жылы сегіз жылқы әкелінді.

Кертағы – Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. ХХ ғасырда ол жабайы табиғаттан жойылып кеткенімен, хайуанаттар бақтарында сақталып, кейін халықаралық бағдарламалар арқылы табиғи мекеніне қайта жіберіле бастады. Қазақстан да қазір осы түр қайта жерсіндіріліп жатқан елдердің қатарында.

Жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСА), Франкфурт зоологиялық қоғамы бірлесуімен жүзеге асты. Сондай-ақ, бұл жобаға Нюрнберг хайуанаттар бағы, Берлин Тирпаркі және «Хортобадь» ұлттық паркінің ынтымақтастығы негізінде, Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институтының (IZW) ғылыми және ветеринариялық қолдауы да мүдделі. 

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button