«Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты
Бағдарлама бойынша өтінім қабылдау бүгін, 31 тамызда басталады, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. Жаңа бағдарлама әйелдерге тұрғын үйді төмендетілген бастапқы жарнамен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қарыз алушының басқа жылжымайтын мүлкінің болуы бағдарламаға қатысуға кедергі келтірмейді. Сонымен қатар тұрғын үйді тіркелген мекенжайына қарамастан Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады.

Бағдарламаны несиелеуге қажетті қаражатты Азия даму банкі ұсынады. Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы 9 млрд теңге көлеміндегі қаражат «Отбасы банкке» аударылған.
Бағдарламаға қатысу үшін қарыз алушының соңғы алты айдағы ресми табысы болуы қажет. Отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс.
Несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14,8%-ды құрайды. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3%-дан 16,8%-ға дейін. Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге.
Бастапқы жарна тұрғын үй сатып алынатын қалаға байланысты белгіленеді. Астана мен Алматыда оның мөлшері баспана құнының кемінде 20%-ын құраса, Қазақстанның өзге қалаларында кемінде 15% болуы қажет.
Бұл ретте несие сомасы тұрғын үйдің сатып алу бағасы мен бағалау құнының қайсысы төмен болса, сол сома негізінде есептеледі. Мәселен, Алматыда пәтер 32 млн теңгеге сатылып, оның бағалау құны 30 млн теңге болса, банк несие сомасын 30 млн теңге негізінде есептейді. Бұл жағдайда несие бағалау құнының 80%-ын, яғни 24 млн теңгені құрайды. Қалған соманы қарыз алушы сатушыға өз қаражаты есебінен төлейді.
«Ұмай» бағдарламасы аясында пайдалануға дайын бастапқы нарықтағы тұрғын үйді, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар немесе сақтандыру тетігі қолданылған құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйді, сондай-ақ 2016 жылдан бастап салынған екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады.
Сатып алынған тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Егер қарыз алушы некеде болса, баспана ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі ретінде тіркеледі. Сонымен қатар несие рәсімдеу кезінде қоса қарыз алушыларды тартуға мүмкіндік қарастырылған.
Өтінімді «Бейнеқызмет көрсету» арқылы қашықтан беруге болады. Сондай-ақ «Баспана маркет» интернет-платформасындағы жеке кабинет арқылы өтінім жолдауға немесе құжаттарды банк бөлімшелеріне тапсыруға болады.
Бұдан бөлек, «Ұмай» бағдарламасы аясында қарыз алушы өзі тұрып жатқан тұрғын үйді жөндеуге 15 млн теңгеге дейін бөлек несие ала алады. Банк салымшы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық талаптарын орындағанға дейін алдын ала қарыз береді. Бұл жағдайда ай сайынғы төлем есептелген сыйақыны өтеу және тұрғын үй жинақ шотын толықтырудан тұрады.
Депозитте несие сомасының 50%-ы жинақталғаннан кейін қарыз алушы жылдық 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемына ауыса алады. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,1%-дан 6,9%-ға дейін.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



