«Сарыарқа» Қазақстан кубогының финалына шықты
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккейден Қазақстан кубогының жартылай финалында «Ақтөбені» 3:2 есебімен жеңіп, турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.

желідегі парақшасынан
Кездесудің алғашқы кезеңінде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде қарағандылықтар қатарынан үш шайба соғып, айқын басымдыққа ие болды.
31-минутта Эдгарс Сиксна қарсыластың бір ойыншыға кем ойнағанын пайдаланып, есеп ашты. Арада үш жарым минут өткенде Александр Борисевич «Сарыарқаның» басымдығын еселеді. Ал екінші кезеңнің аяқталуына бес секунд қалғанда Данила Карабань үшінші шайбаны соқты.
Үшінші кезеңде «Ақтөбе» екі шайба салып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда таразы басын теңестіре алмады. Қорытынды есеп – 3:2.
Осылайша, «Сарыарқа» Қазақстан кубогының финалына шықты. Қарағанды командасы шешуші кездесуде Өскеменнің «Торпедосымен» кездеседі. Бұған дейін «Торпедо» жартылай финалда Рудныйдың «Горнягын» 5:2 есебімен жеңген.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



