Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Елена Рыбакина US Open алдында Нью-Йоркке барды

Қазақстанның екінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына барып, US Open турнирі қарсаңында жанкүйерлерге қолтаңба таратты. Алайда теннисшінің жарысқа қатысуы әзірге белгісіз, деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews-ке сілтеме жасап.

Сурет теннис федерациясынан

Рыбакина әлеуметтік желідегі парақшасында Нью-Йорктен суреттер жариялап, кейін жанкүйерлерге қолтаңба беріп жатқан видеосымен бөлісті. Осылайша, қазақстандық спортшы жылдың соңғы «Үлкен дулыға» турнирі өтетін қалаға келгенін растады.

Еске салайық, Рыбакина Цинциннати қаласында өткен WTA 1000 турнирін ширек финалда аяқтады. Польша өкілі Ига Швёнтекке қарсы кездесуде қазақстандық теннисші жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады. Кейін ол жүрудің өзі қиын екенін айтып, жарақатының нақты диагнозын МРТ-дан кейін білетінін жеткізген.

Бұдан соң US Open ұйымдастырушылары Рыбакинаның Тейлор Фрицпен бірге аралас жұптық сайысқа қатысудан бас тартқанын хабарлады. Ал жекелей сындағы өнер көрсетуіне қатысты әзірге ресми шешім жарияланған жоқ.

Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастай ала ма?

US Open нәтижесі Рыбакина үшін тарихи маңызға ие болуы мүмкін. Егер ол турнирдің жартылай финалына дейін жетсе, мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атана алады.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші турнирге қатыспаған жағдайда да рейтинг көшбасшысы болуы мүмкін. Ол үшін жарыста Арина Соболенко, Коко Гауфф немесе Джессика Пегула жеңімпаз атанбауы қажет.

Рыбакинаның US Open-дегі ең үздік нәтижесі – өткен жылы төртінші айналымға шығуы.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ 
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button