Қазақстан даласында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді
«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы «Әліби» реинтродукциялау орталығында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді. Бұл Қазақстанға тарихи мекендеу ортасына қайтару бағдарламасы аясында әкелінген жылқылардан туған алғашқы төл, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Еркек құлынның жағдайы жақсы. Туғаннан кейін көп ұзамай аяғына тұрып, енесінің соңынан еріп, сүт еме бастаған. Қазір ол Тесса атты жеті жасар биесімен және үйірімен бірге жүр.
Тесса Қазақстанға 2024 жылы Берлин Тирпаркінен жеткізілген жеті жылқының бірі. Бұл оның алғашқы төлі. Мамандар анасы мен құлынның жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Алғашқы төлдің дүниеге келуі жануарлардың Қазақстан даласының табиғи жағдайларына бейімделгенін көрсететін маңызды нәтиже саналады. Мамандар алдағы уақытта осы аумақта Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыруды көздеп отыр.
Пржевальский жылқысы, қазақша керқұлан немесе кертағы, жабайы табиғатта жойылып кеткеннен кейін халықаралық бағдарламалар арқылы табиғи мекеніне қайта қайтарылып жатқан түр. Қазақстанда бұл жоба 2024 жылы басталды. Алғашқы жылқылар Еуропадан жеткізіліп, арнайы орталықта жерсіндірілді.

2025 жылы елге тағы жеті, ал 2026 жылы сегіз жылқы әкелінді. Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 Пржевальский жылқысын жеткізу жоспарланған.
Алғашқы құлынның дүниеге келуі жобаның жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Ендігі мақсат – жануарлардың табиғи ортада көбейіп, Қазақстан даласында тұрақты популяция қалыптастыруына жағдай жасау.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



