Бас тақырыпЖаңалықтар

Ресей өкілдері Қазақстандағы Құрылтай сайлауының ұйымдастырылуын жоғары бағалады

Ресей Федерациясының өкілдері Қазақстандағы сайлауды ұйымдастырудың жоғары деңгейін, сайлау комиссиялары жұмысының ашық болуын және учаскелердегі бақылаушылардың көптігін атап өтті. Олардың айтуынша, Құрылтай депутаттарын сайлау ұлттық заңнама мен халықаралық стандартқа сай өтіп жатыр, бақылаушылар барған учаскелерде заң бұзушылық тіркелмеген.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ленинград облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Михаил Лебединский, Свердлов облыстық Заң шығару жиналысының депутаты Михаил Зубарев және Тула облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Юлия Есина бақылаудың алдын ала жасалған қорытындысын айтты.

Михаил Лебединский қазіргі сайлаудың Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екеніне мән берді. Өйткені сайлау жаңа Конституция қабылданғаннан кейін өтіп жатыр. Оның айтуынша, бақылаушылар жұмысын таңғы сағат жетіде бастап, баспасөз мәслихатына дейін 15 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысып үлгерген.

«Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ауқымды жұмыс атқарғанын тағы да атап өткім келеді. Барлық учаскелік комиссия бірыңғай стандарт бойынша қамтамасыз етілген. Бұл – учаскедегі ақпараттық тақтайшалар мен оған қалай баруға болатынын көрсететін нұсқағыштар. Учаскелердің өздері де бірыңғай стильде безендірілген, бұл дауыс беруге келетін адамдар үшін өте ыңғайлы», – деді Михаил Лебединский.

Ол бақылаушылар барған барлық учаскелерде белгіленген талаптардың сақталғанын және дауыс берудің ашық өтіп жатқанын атап өтті. Бақылаушылар медициналық мекемелерде орналасқан учаскелердің жұмысына да ерекше назар аударды. Ем қабылдап жатқан азаматтарға, сондай-ақ тіркелген жерінен уақытша тыс жерде жүрген басқа да сайлаушыларға дауыс беру мүмкіндігі берілген.

Михаил Лебединский учаскелерде жұмыс істеген түрлі саяси партиялардың өкілдері де жағдайды оң бағалағанын айтты.

«Әртүрлі саяси партиялардың бақылаушылары учаскелердегі тыныш жағдайды растап отыр. Бірде-бір адам заң бұзушылықтары туралы айтқан жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта сайлау халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнамаға сәйкес өтіп жатқанына сенімдімін. Барлығы ашық, жария және өте ұйымдасқан түрде өтуде», – деп атап өтті ол.

Свердлов облыстық Заң шығару жиналысының депутаты Михаил Зубарев дауыс беру барысының қалыпты өтіп жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, сайлаушылар қажетті ақпаратпен танысып, содан кейін өз таңдауын еркін жасай алады.

«Адамдар учаскелерге сабырлы әрі жақсы көңіл-күймен келіп, өз таңдауын жасап жатыр», – деді ресейлік бақылаушы.

Тула облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Юлия Есина сайлаудың ашықтығын көрсететін маңызды факторлардың бірі – әр учаскедегі бақылаушылардың көп болғанын айтты.

«Бірден көзге түсетіні – бақылаушылардың көптігі. Біз барған әр учаскеде бір, екі немесе үш адам ғана емес, алты, жеті, сегіз, тіпті тоғыз бақылаушыны көрдік. Бұл, сөзсіз, көзге түсер оң фактор», – деді ол.

Миссия мүшелері мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдайды да ерекше атап өтті. Сайлау учаскелерінде көру қабілеті нашарлаған және өздігінен жүріп-тұруы қиынға соғатын азаматтарға дауыс беруге барлық мүмкіндік қарастырылғанын айтты.

Михаил Лебединский бақылаушылардың көру қабілеті төмен сайлаушыларға қажетті ақпаратпен Брайль қарпі және аудио сүйемелдеу арқылы танысуға мүмкіндік беретін шешімдерді көргенін айтты. Оның пікірінше, мұндай технологияларды қолдану азаматтардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктеріне назар аударылғанын және дауыс беруді баршаға қолжетімді етуге ұмтылысты көрсетеді.

Ресейден келген халықаралық бақылаушылар дауыс беру барысын одан әрі бақылауын жалғастыратын болады. Олардың алдын ала бағалауынша, сайлау барысы қалыпты жағдайда, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button