Қарағандының Орталық саябағында бірнеше жылдан бері ашық аспан астында түрлі буын өкілдерін біріктіретін би кештері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл да орталық саябақты думанға бөледі.

Би кештерінің негізгі қатысушылары – аға буын өкілдері, оның ішінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері. Оларға Қарағандының басқа да егде жастағы тұрғындары, жастар мен саябаққа келген қала тұрғындары қосылады. Би алаңын көріп, оның көңіл-күйіне қызыққан кез келген адам ортақ кештің қатысушысына айнала алады. Осылайша, бұл шара әр жастағы адамдардың бос уақытын бірге өткізіп, араласуына және би билеуіне мүмкіндік беретін ашық қалалық қауымдастыққа айналды.

– Мұндай шараларды өткізудің басты мақсаты – белсенді әрі мазмұнды демалыс үшін баршаға қолжетімді орта қалыптастыру, тұрғындардың, әсіресе аға буын өкілдерінің дене белсенділігі мен әлеуметтік араласуын қолдау, – деді би кешінің ұйымдастырушысы Айым Асанова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, қала тұрғындарын тақырыптық «дискотекалар» қызықтырады. Әр кездесуге белгілі бір тақырып немесе киім түсі таңдалып, қатысушылар соған сәйкес киім үлгісін дайындайды. Жарқын образдар мен ерекше киімдер кештің мерекелік атмосферасын одан әрі жандандырады. Мұндай форматтар бағдарламаны түрлендіріп қана қоймай, шараға көбірек адамның қатысуына жол ашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

«Барлық заманға арналған билер» – бұл жай ғана би кеші емес. Бұл – қарым-қатынас, қимыл-қозғалыс, жақсы көңіл күй мен ұрпақтар сабақтастығы тоғысатын орта. Мұнда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тұрақты қатысушыларынан бөлек қаланың басқа тұрғындары, жастар мен саябаққа кездейсоқ келген қонақтар бір ортада бас қосады.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



