Абай ауданындағы мектептер жаңаруда
Жаңа оқу жылы қарсаңында Абай ауданындағы білім беру нысандары жаңартылуда. Биыл 16 мектеп пен балабақшада жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Юбилейное ауылындағы «Юбилейная» мектебінің жөндеу барысымен танысты. 1971 жылы салынған мектепте еден, су, кәріз, электр және жылу жүйелері жаңартылған.

— Бұл мектепте алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Алдағы уақытта мектепке жаңа жиһаздар да сатып алу жоспарланып отыр. Қазір акт залында да өзгерістер жасалуда. Мұнда заманауи амфитеатр пайда болады, — деді Абай ауданы білім бөлімінің басшысы Замзагүл Ахмедия.
Мектепте 136 оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстары келесі жылы жалғасып, бірінші қабат пен асхана жаңартылады. Сонымен қатар Вольный кентіндегі 1965 жылы салынған мектеп те күрделі жөндеуден өтті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



