Таңдау таразысында – ел болашағы
Облыс аумағында Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат науқаны жалғасуда. Саяси партиялардың өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, өңір үшін өзекті мәселелерді талқылауда. Сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мен партиялардың ұстанымдарын түсіндіруге бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Атап айтсақ, Қарағанды қаласында «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына үміткерлері «Orion» ЖШС еңбек ұжымымен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Жиынға облыстық сайлауалды штабтың өкілдері де қатысты. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтары түсіндірілді. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар, аймақ үшін өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер талқыланып, еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, партия өкілдерімен пікір алмасты. Осылайша, үгіт-насихат кездесуі сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырумен қатар, еңбек ұжымының пікірін ескеруге мүмкіндік беретін ашық диалог алаңына айналды.
Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының белсенділері штаб өкілдерімен бірге Қарағанды қаласында ақпараттық-насихаттық іс-шара өткізді. Іс-шара барысында қала тұрғындары баспа материалдарын алып, ЖСДП-ның сайлауалды платформасымен, партияның негізгі бастамаларымен және Құрылтай депутаттығына кандидаттармен танысты. Ақпараттық жұмыстар тұрғындарға партияның ұстанымдары мен сайлауалды ұсыныстары туралы мәлімет беруге бағытталды.
Сайлауалды науқан аясында сайлаушылармен ашық диалог жалғасып, партия өкілдері елдің дамуына қатысты ұстанымы мен ұсыныстарын тұрғындарға жеткізуде. Науқанның аяқталуына санаулы күндер қалған тұста ЖСДП еріктілері мен белсенділері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, сайлаушылардың партия бағдарламасы туралы қажетті ақпарат алуына жағдай жасауда.
Үгіт-насихат науқанының аяқталуына санаулы күндер қалуына байланысты Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы сайлаушылармен белсенді жұмысын жалғастыруда. Науқан аясындағы негізгі форматтың бірі – Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Абай және Саран қалаларында өтіп жатқан «Есіктен есікке» акциясы. Партия өкілдері тұрғындармен кездесіп, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беріп, сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелерін түсіндіруде.
Кездесулер барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқылануда. Экология мәселелеріне ерекше назар аударылып, экологиялық қауіпсіздіктің мемлекеттік саясаттағы маңызы сөз болуда. Қоршаған ортаның жай-күйі азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасына, өңірлердің экономикалық дамуына және елдің тұрақты болашағына тікелей әсер ететіні атап өтілуде. Партия саяси науқанның соңғы күндерінде де азаматтармен кездесулер мен ашық диалогты жалғастыруда.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері Бұқар жырау ауданындағы «Тритон Кровля» ЖШС еңбек ұжымымен мазмұнды кездесу ұйымдастырды. Кәсіпорын шатыр жабындары мен ғимараттардың сыртқы қаптамасына арналған өнімдер өндіреді. Кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік қызметі, отандық құрылыс материалдарын шығару бағытындағы жұмысы және саладағы өзекті мәселелер сөз болды. Сонымен бірге, партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар таныстырылды.
Жиында өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын сақтау және еңбек адамын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Еңбек ұжымы өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Тараптар отандық өндірістің әлеуетін арттыру және құрылыс индустриясын одан әрі дамыту бойынша пікір алмасты.
«Ауыл» партиясының өкілдері облыста бірқатар кездесулер өткізді. Нұра ауданы мен Ақмешіт ауылының тұрғындарымен, сондай-ақ, еңбек ұжымдарымен жүздесулер өтті. Кездесулерде ауыл шаруашылығы, жергілікті өндірісті дамыту, жұмыспен қамту және отандық өнім көлемін арттыру мәселелері талқыланды. Партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ауылдық жерлердің экономикалық әлеуетіне қатысты мәселелер қозғалды.
Шахтинск қаласындағы «Айзере» тігін цехының ұжымымен кездесуде де партияның сайлауалды бағдарлама таныстырылып, ұжым мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Кездесулер барысында өндірісті дамыту, жұмыс орындарын сақтау, жергілікті өнім көлемін арттыру және ауыл шаруашылығы мен өңірлік кәсіпкерліктің әлеуетін пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Қарабас кентінде «Ақ жол» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттың тұрғындармен кездесуі өтті. Жиында әлеуметтік мәселелер, соның ішінде, әлеуметтік осал топтарды қолдау және әлеуметтік әмиян енгізу бастамасы талқыланды. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы осы бағыттарға қатысты ұстанымдары мен ұсыныстары таныстырылды.
Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Кездесу пікір алмасу форматында өтті. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар бойынша пікірлер тыңдалды.
«Республика» партиясының өкілдері Құрылтай сайлауына дайындық аясында еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Кезекті кездесу «Стоматология Люкс» ЖШС ұжымымен өтті. Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтар сөз болды.
Партия өкілдері Құрылтайдың жаңа саяси институт ретіндегі маңызына тоқталып, алдағы сайлаудың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, кездесуге қатысушыларға партияның ұстанымдары мен нақты ұсыныстары түсіндіріліп, азаматтарды сайлау процесіне белсенді қатысуға шақырды. Кездесу еңбек ұжымының партия бағдарламасымен танысуына және өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуына мүмкіндік берді.
***
Аймақта сайлауалды науқанның соңғы кезеңі партиялардың тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен тікелей байланысын күшейтті. Кездесулерде әлеуметтік-экономикалық даму, кәсіпкерлік, өндіріс, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, экология және әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді. Партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауды жалғастыруда.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»
