Қарағанды облысында егін жинау науқаны басталды
Қарағанды облысында ауа райының ыстық болуына байланысты шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына ерте кірісті. Қазір науқан Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүріп жатыр. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Бүгінде 37 мың тонна астық және 3,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Жаппай егін ору науқаны қыркүйектің алғашқы күндерінде басталады.
Биыл өңірде шамамен 1 млн гектар дәнді және 114 мың гектар майлы дақыл жиналуы тиіс. Сонымен қатар 13 мың гектардан астам картоп пен көкөніс алқабы бар.
Егін жинауға 1 966 комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылады. Жиналған өнімді сақтау үшін облыста астық қоймалары мен картоп-көкөніс сақтау орындары дайындалуда.
– Биыл 1 966 астық жинайтын комбайн, 609 жатка, 78 картоп жинайтын комбайн және 75 картоп қазғыш пайдаланылады. Күзгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жиналған өнімді сақтау үшін қажетті база да дайындалуда. Облыста 8 астық қабылдау кәсіпорны мен 704 астық қоймасы, сондай-ақ 138 картоп және көкөніс сақтау қоймасы бар, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Дулатұлы.

Абай ауданында ерте пісетін картопты жинау басталды. Биыл шамамен 134 мың тонна картоп пен 33 мың тоннаға жуық көкөніс жинау жоспарланған.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өнімді уақытылы жинап, сақтауды қамтамасыз етумен қатар, 2027 жылғы егіс науқанына дайындықты қазірден бастауды тапсырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



