Жаңалықтар

Ауылдың Атымтайы

Спорт адамды тек жеңіске емес, тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Қарқаралы ауданына қарасты Татан ауылының тумасы, кәсіпкер әрі меценат Айдос Ақшонтаевтың өмір жолына көз жүгіртсек, осы қасиеттердің барлығы оның бүгінгі қызметімен сабақтасып жатқанын аңғаруға болады. Кезінде татамиде ел намысын қорғаған спортшы бүгінде ауыл жастарына қолдау көрсетіп, туған жерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүр.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Айдос Жазитұлының спорттағы жолы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатынан басталған. 1999 жылы аталған оқу орнына түсіп, үш жыл білім алған ол кейін екі жыл колледжде оқып, мамандық алып шығады. Алайда оның өмірінде спорттың орны ерекше болды. Негізгі бағыты – дзюдо. Сонымен қатар, самбо және қазақ күресімен де тұрақты түрде айналысты.

Сегіз жыл бойы спортпен шұғылданып, талай жарыста бақ сынаған ол спорт шебері атанды. Халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанып, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда Қарағанды өңірінің намысын қорғады. Бүгінде ол Қарағанды облысының Қазақ күресі федерациясының вице-президенті лауазымында қызмет етіп, ұлт спортының дамуына елеулі үлес қосып жүр.

Спортшының айтуынша, күрес оның бойына ең алдымен қайсар мінез қалыптастырды.

– Спорт бізге тәртіпті, еңбекқорлықты, жеңіске ұмтылуды үйретті. Күресте ең бастысы – әділдік. Жеңіс те, жеңіліс те еңбектің нәтижесі болуы керек. Біз осы ұстанымды кейінгі жастарға да жеткізуге тырысамыз, – дейді Айдос Ақшонтаев.

Оның спортқа деген көзқарасы демеушілікпен ғана шектелмейді. Ол жас спортшылардың жарысқа дайындалуына, жаттығуына қажетті жағдай жасалуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Облыстық федерация тарапынан спортшыларға жаңа кимоно мен дәрумендер алуға көмек көрсетіледі. Жас баланың спортқа қызығушылығын жоғалтпай, үлкен ареналарға шығуында осындай қолдаудың маңызы зор.

Айдос Ақшонтаевтың өзі де спортта белгілі бір белеске дейін жетіп, одан әрі кәсіби жолын жалғастыру мүмкін болмағанын жасырмайды. Сондықтан бүгінгі жастарға жасалған қолдауды ол өз басынан өткен тәжірибемен байланыстырады.

– Біз спортта өзіміз соңына дейін бара алмадық. Сол кездегі кейбір қиындықтар мен мүмкіндіктің аздығы кейінгі жастардың жолын кеспесе екен дейміз. Өзіміз жіберген қателіктерді жастар қайталамай, спортта өз мүмкіндігін толық пайдалансын деген мақсатпен қолдау көрсетеміз. Қазір бұрынғыдай емес, спортқа қолдау көп. Тек еңбектену керек, – дейді ол.

Спорттан басталған өмір жолы Айдос Ақшонтаевты туған жерге қызмет етуге алып келді. Оның ауылға қатысты ең үлкен армандарының бірі – елдімекенге халыққа қажет нысандар салып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға үлес қосу.

Осы мақсатпен Татан ауылында 2018 жылы мешіт құрылысын бастады. Екі жылға созылған құрылыс 2020 жылы аяқталып, 2022 жылы мешіттің ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл – оның туған ауылына жасаған ең қомақты тартуларының бірі.

Меценаттың қайырымдылық жұмысы мұнымен шектелмейді. Қыс мезгілінде ауыл тұрғындарына да тұрақты көмек көрсетіп келеді. Жыл сайын Татан ауылына 100 тонна көмір жөнелтіліп, ол жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Коронавирус пандемиясы кезінде де ауылдастарынан қол үзбей, өкпені жасанды желдету аппаратын алып берді. Оқушыларды да назардан тыс қалдырмайды. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға қажетті қолдау көрсетеді.

Бұл бастамалардың барлығы бір ғана мақсатқа – туған жердің жағдайын жақсартуға бағытталған.

Меценаттың ауылға жасаған көмегінің тағы бір мысалы – Қарқаралы ауданындағы Қарағаш ауылы. Былтыр ауыл мектебінің 100 жылдық мерейтойы кезінде тұрғындар ауыз су мәселесін көтерген. Сапалы ауыз судың жоқтығы ауыл халқы үшін күнделікті тұрмыстағы күрделі мәселелердің бірі еді.

Сол жиында Айдос Ақшонтаев мәселені шешуге көмектесуге уәде берді. Биыл бұл уәде нақты іске айналды. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен Қарағаш ауылындағы 43 үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.

Бұл бастама ауыл тұрмысындағы нақты мәселені шешіп қана қоймай, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісін көрсетті. Себебі, қайырымдылық кейде бір адамға көмек көрсетумен шектелсе, мұнда тұтас ауылдың күнделікті өміріне әсер ететін инфрақұрылымдық мәселе шешілді.

Айдос Ақшонтаев үшін туған жерге көмектесу бір реттік науқан емес. Оның жоспары бұдан да ауқымды. Оның армандарының бірі – туған ауылда заманауи спортзал ашу. Өйткені ауыл баласының үлкен спортқа жолы көбіне қарапайым жаттығу залынан басталады. Тиісті құрал-жабдық, жаттығатын орын, тәжірибелі бапкер болса, ауылдан да ел намысын қорғайтын спортшылар шығатынына ол сенеді.

Өмірінің алғашқы жылдарын спортқа арнаған азамат үшін оның бұл мақсаты – заңды сабақтастық. Кезінде өзі татамиде жеңіске ұмтылса, бүгінде сол татамиге шығатын жастардың жолын ашуға тырысады. Оның ойынша, ауыл баласының спортпен айналысуына жағдай жасау – болашаққа салынған инвестиция.

Өйткені, чемпионды бір күнде қалыптастыру мүмкін емес. Оның жеңіске дейінгі жылдарында жылдар бойғы еңбек, тәртіп, бапкердің еңбегі, ата-ананың қолдауы және ең бастысы – спортшыға жасалған мүмкіндік тұрады. Айдос Ақшонтаев сол мүмкіндіктің жас спортшыларға көбірек берілуін қалайды.

Кезінде өзі армандаған биіктерге кейінгі буын жетсе, бұл – бүгінгі спорт жанашыры үшін үлкен жеңіс. Ал, туған ауылдың тұрмысын жақсартып, ауыл баласының спортпен айналысуына жағдай жасау – сол жеңістің жалғасы.

Татамиде қалыптасқан табандылық бүгінде оның кәсіпкерлік және қоғамдық қызметінен көрініс табуда. Күрестегі әділдікті өмірлік ұстанымына айналдырған Айдос Ақшонтаев үшін туған жерге жасалған әрбір көмек – перзенттік парыздың бір парасы. Оның бүгінгі ең үлкен мақсаты да – өзінен кейінгі жастарға мүмкіндік беру, ауылға қолдау көрсету және өзі туып-өскен жердің дамуына үлес қосу.

Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button