Нұрадағы Шонжар кесенесі зерттеуді қажет етеді
Тарихтың барлық парағы қағазға қатталып, тасқа қашала бермейтіні ақиқат. Кейде өткен ғасырлардың куәсіндей болған көне белгілер ұлан-ғайыр дала төсінде үнсіз мүлгіп тұрады да, оның ар жағындағы адам тағдыры, ел жадындағы елеулі оқиғалар уақыт өте келе көмескі тарта бастайды. Нұра ауданындағы Шонжар кесенесінің бүгінгі жай-күйі дәл осыған ұқсайды. Мемлекет қорғауына алынған, сәулеттік сипаты ғылыми негізде анықталып, былтыр ғана қайта жаңғыртудан өткен бұл тарихи нысанның сыртқы сұлбасы сақталғанымен, «Шонжар өзі кім болған, бұл кесенені кімдер, қандай мақсатпен салдырған?» деген басты сауалдың жауабы әзірге тарихтың терең қойнауында бұғып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, көне жәдігерлер мен сәулет нысандарын келер ұрпаққа қаз қалпында аман жеткізу ісіне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы ауқымды әрі жүйелі жұмыстар Сарыарқа кіндігі – Қарағанды өңірінде де өз жалғасын тапқаны бек қуантады. Соның бір айқын көрінісі ретінде былтыр қалпына келтірілген Шонжар кесенесін атауға болады.
Облыстың тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл жәдігер XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына тиесілі. Кесене Нұра ауданындағы Қали ауылынан солтүстікке қарай 4,5 шақырым қашықтықта, Ащылы өзенінің жағалауындағы көне қазақ қорымының ішінде орын тепкен.
Архитектуралық құрылымы жағынан нысан Сарыарқа даласына тән дәстүрлі мемориалдық сәулет өнерінің үлгісін қайталайды. Бір камералы, іргетасы шаршы тектес етіп қаланып, төбесіне цилиндр пішінді күмбез орнатылған. Негізгі құрылыс материалы ретінде саман, яғни, далалық шикі кірпіш пайдаланылған. Күмбездің салмағын ұстап тұру және оның құлап қалмауын қамтамасыз ету үшін сол заманның шеберлері күмбез ішін ағаш тіреуіштермен арнайы нығайтқан.

– Былтыр кесене басында кешенді реставрациялау және абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Ғасырдан астам уақыт бойы жауын-шашын мен желдің, аяз бен қардың әсерінен мүжіліп, үгітіле бастаған саман қабырғалар қайта бекітілді. Бұл ретте нысанның бастапқы тарихи келбетін қаз қалпында сақтап қалуға ерекше басымдық бердік. Қалпына келтіруге дейінгі және одан кейінгі фотосуреттерді салыстыра қарасаңыз, көне мазардың екінші тынысы ашылып, айналасы толық ретке келтірілгенін анық байқауға болады, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты арихи-мәдени мұраны сақтау орталығы тарих бөлімінің ғылыми қызметкері Бекарыс Әділов.
Десе де, кесененің сыртқы қабырғасы жаңғырғанымен, оның ішкі тарихының көмескі тұстары әлі де жетерлік. Мемлекеттік қорғауға алынған нысанның ресми паспортында құрылыстың нақты тарихы, оны тұрғызған сәулетші-шеберлер мен тапсырыс берген тұлғалардың есімдері белгісіз екені көрсетілген. Ең бастысы, «Шонжар» атауы кімге қатысты қойылғаны жөнінде де әзірге дәйекті жазбаша дерек немесе тарихи құжат табыла қойған жоқ.
Тілдік ұғым тұрғысынан алғанда, қазақ ұғымында «шонжар» сөзі – атақ-даңқы жер жарған, дәулетті, билік басындағы ықпалды адамдарға, ірі байларға қаратып айтылатын теңеу. Яғни, бұл мазарға жай адам емес, өз заманында ел ішінде сөзі өткен, беделді әрі ауқатты тарихи тұлғаның жерленгені анық. Бірақ, ол нақты кім?
Бұл жұмбақтың жауабын табу үшін тек Нұра ауданының шеңберінде іздену жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені, Шонжар кесенесі орын тепкен Қали төңірегінің әкімшілік тарихы бір ізге түсіп, тұрақтала қоймаған. Кешегі Кеңес дәуірінде бұл аймақтар талай рет қолдан пішіліп, картадан картаға көшті.

Тарих парақтарын ақтарсақ, бұл өңір бүгінде Нұра ауданына қарағанымен, өткен ғасырдың соңына дейін бұрынғы Теңіз ауданының құрамында болған. Теңіз ауданы алғаш 1977 жылы Целиноград облысының құрамында құрылып, кейін 1985 жылы Қарағанды облысына берілді. Ал, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы қайта қаралған 1997 жылы Теңіз ауданы ресми түрде таратылып, оның аумағы Нұра ауданына қосылды.
Бәлкім, Шонжар туралы деректің көмескі тартуына осындай әкімшілік ауыс-түйістердің де тікелей ықпалы болған шығар. Өйткені, жердің аты өзгермегенімен, аудан мен облыс шекарасы ауысқан сайын құжат та, ел арасындағы шежірені жинақтайтын орталық та, мұрағат та өзгеріп отырған. Біз осыған байланысты аудандық мәдениет бөлімінің мамандарына хабарласып, жергілікті өлкетанушылардан да сұрастырдық. Әзірге кесенеде кім жерленгенін айғақтайтын нақты дерек табыла қоймады. Сондықтан, бұл мазардың шежіресіне нүкте қоюға әлі ерте. Оның түпкі тарихын бұрынғы Теңіз, Қорғалжын өңірлерінің, қала берді Астанадағы орталық архивтерден және сол өлкенің көнекөз қарияларының жадынан іздеу қажет секілді.
Әзірге бізге анық нәрсе біреу ғана. Кесене сақталды, ол мемлекеттің қамқорлығымен қайта жаңғырды. Ал, оның үнсіз қабырғалары ішіне бүгіп жатқан сырлы тарих әлі де өзінің білікті зерттеушісін күтіп тұр.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер тарихи-мәдени сақтау орталығынан



