Сергек сана сенімді серпілтеді
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау – ел тарихындағы елеулі де маңызды оқиғалардың бірі. Мемлекетіміздің жаңа даму кезеңіне қадам басуын айқындайтын, ел болашағына бағыт-бағдар беретін жауапты сәттің парқын сезінсек екен. Осындай бетбұрысты шақта әрбір ел азаматы өз таңдауын жасап, мемлекетіміздің өркендеуіне бағытталған әрбір оң қадамға өзіндік үлесін қосуы тиіс деп есептеймін.

Мен де ел болашағына бейжай қарай алмайтын азамат ретінде, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсене атсалысып, өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланамын және өз таңдауымды жасаймын.
«Отан – отбасынан басталады», – дейді халық даналығы. Шаңырағымыздағы береке мен татулық – бүкіл мемлекеттің тұрақтылығының негізі. Бүгінде әлем аренасында бейбітшілік пен бірлікті ту еткен еліміздің жетістігін жаһан жұрты мойындап, санасып отыр. Ел ішіндегі осы ауызбіршілік пен ынтымақты сақтай отырып, алдағы саяси реформаларды табысты жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет. Тас көмір өндіріп, жер астында тер төккен кеншінің де, қаламымен елдің мұңын жырлаған ақынның да, жалпы, әрбір отбасының тілегі – мемлекеттің тыныштығы мен халықтың лайықты тұрмысы.
Сол себепті, бәріміз жұдырықтай жұмылып, елімізде болып жатқан жүйелі жұмыстар мен реформаларға сергек қарауымыз керек. Саяси үдерістерге ақ-қарасын танып, әділ бағасын бере отырып, ел дамуына асарлатып, бірге іске кірісуіміз қажет. Өңірдің дамуы да, тұтас еліміздің гүлденуі өзіміз сайлайтын, халықтың аманатын арқалайтын депутаттардың сапасына тікелей байланысты.
Бабалар аңсаған, бүгінгі ұрпақ сенім артқан жаңа саяси институт – Құрылтайдың халық үнін билікке жеткізер шынайы мінберге айналарына сенемін. Ел тағдыры шешілетін маңызды күнде әрқайсысымыз жауапкершілік танытып, ел болашағы үшін дауыс берейік!
Ернат КЕМАЛОВ
кенші-ақын

