«Болашақ ойындары – 2026»: Қарағандының жас футболшылары шоу-матч өткізді
Астанадағы «Qazaqstan» спорт кешенінде «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында Қарағанды облысының жас футболшылары қатысқан шоу-матч өтті.Спорттық шараны Қарағанды облысының футбол қауымдастығы (QOFA) мен United Esports Leagues киберспорт федерациясы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Шоу-матчқа QOFA жобаларының 16 тәрбиеленушісі қатысты. Құрама сапында ПТКЛ-дің 11 оқушысы және Phygital-футбол жобасында жоғары нәтиже көрсеткен арнайы интернаттың бес тәрбиеленушісі өнер көрсетті.ПТКЛ командасы ALGA! жобасында үздік үштіктің қатарында. Команда әдістемелік тапсырмаларды орындауда да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.
Матч барысында фиджитал-спорттың екі бағыты – футбол мен киберспорт өзара тоғысты. Қарағанды облысы Қазақстанда фиджитал-спортты дамытуға алғашқылардың бірі болып ден қойған өңірлердің қатарында.Өңірде балалар мен жасөспірімдерге арналған бірқатар спорттық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – ALGA! жобасы. Оның аясында мектептердің бастауыш сыныптарында дене шынықтыру пәнінің үшінші сабағы футболға бағытталған.
Ал Phygital жобасы балалар үйлері мен арнайы мекемелердің тәрбиеленушілеріне арналған. Жоба аясында балалар футболмен шұғылданып, EA FC 26 ойыны бойынша жарыстарға қатысады.
Шоу-матчтың жеңімпазы пенальти сериясы арқылы анықталды. Нәтижесінде QOFA командасы 7:6 есебімен жеңіске жетіп, арнайы кубокты иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – балалар футболын кеңінен насихаттау, инклюзивті спортты дамыту және әр балаға өз қабілетін үлкен спорттық аренада көрсетуге мүмкіндік беру.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz




