Қарағанды облысында 1 млн гектарға жуық алқаптан астық жиналады
Қарағандылық диқандар шамамен 1 млн гектар астықты алқаптан өнім жинауды жоспарлап отыр. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, негізгі дақыл – бидай. Оның үлесіне 760 мың гектар алқап тиесілі. Сонымен қатар арпа, сұлы және майлы дақылдар жиналады. Бұдан бөлек, 16 мың гектардан картоп, 2 мың гектардан көкөніс алу көзделген.

Оның айтуынша, ауа райының күрделі жағдайына қарамастан, егістіктің басым бөлігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қазір басты міндет – науқанды уақытылы әрі сапалы өткізу.
Егін жинауға 2 мыңға жуық комбайн және 9 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы дайындалды. Техникаларды әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Науқанға облыс бойынша 19,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Сондай-ақ, биыл аграршыларды мемлекеттік қолдау да жалғасуда. «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары арқылы 265 шаруашылық қаржыландырылды. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауының арқасында 315 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 705 бірлік техника сатып алды.
Жаңа өнімді сақтауға облыста 1,438 млн тонна сыйымдылығы бар астық қоймалары дайын. Картоп пен көкөніс сақтауға арналған 143 қойманың жалпы сыйымдылығы 350 мың тоннадан асады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



