Туристік кластер тірегі
Сарыарқаның сайын даласында сұлу табиғатымен, терең тарихымен және қайталанбас көркімен ерекшеленетін Қарқаралы бүгінде еліміздің ғана емес, Орталық өңірдегі экологиялық туризмнің маңызды орталығының біріне айналып келеді. Кейінгі жылдардағы өңірдегі жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, инвестициялық бастамалар мен экотуризмді дамытудағы бағытталған жүйелі жұмыстар Қарқаралының жаңа келбетін қалыптастыруда. Бүгінде бұл өлке тек жазғы демалыс орны ғана емес, төрт мезгіл бойы турист қабылдайтын заманауи туристік кластерге айналған.

Табиғат пен тарих мекені
Қарқаралы – табиғат пен тарих үйлесім тапқан бірегей мекен. Қарағай көмкерген таулар, мөлдір көлдер, гранитті жартастар, көне аңыздармен астасқан киелі орындар Қарқаралыны табиғаттың ерекше жаратылысына айналдырады.
Аңызға айналған тау басындағы «Шайтанкөл», «Бассейн көлі», ортағасырлық архитектуралық ескерткіш – «Қызыл кеніш» сарайы, атақты Қоянды жәрмеңкесінен қалған жәдігерлер туристердің қызығушылығын тудырса, Қарқаралы, Кент, Балқантау тауларындағы көне жазулар мен үңгірлер, қорымдар әлі де жұмбақ күйінде қалуда.
Әлемде табиғатқа негізделген туризм жыл сайын қарқын алып келеді. Туристер енді көпқабатты қалалардан гөрі табиғатпен үндесетін тыныш мекендерді таңдауға ұмтылады. Осындай сұраныстың артуы Қарқаралының мүмкіндігін еселей түсті. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы, инвестициялық жобалардың көбеюі және ұлттық парктің жүйелі жұмысы өңірді перспективалы туристік бағыттың біріне айналдырды.
Туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне, қызмет көрсету саласының кеңеюіне және инвестицияның тартылуына ықпал етеді. Бүгінде аудан аумағында бір мезгілде 2 500-ден астам туристі қабылдай алатын 40-тан астам туристік нысан жұмыс істейді. Демалыс базалары, қонақ үйлер, пансионаттар, глэмпингтер мен этноауылдардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл өңірдің туристік әлеуетінің жылдан-жылға қарқын алғанын көрсетеді.
– Соңғы жылдары ауданға келетін туристердің ауқымы да кеңейді. Бұрын негізінен Қарағанды облысының тұрғындары келсе, бүгінде Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ, шетелден келетін қонақтар көп. Өңірге келген турист, ең алдымен, жайлы жолды, сапалы интернетті, тұрақты электр энергиясын, таза ауыз суды және қолайлы қызмет көрсетуді күтеді. Осы талаптарды ескере отырып, аудан басшылығы инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық береді. Сондай үлкен кешендітуристік жобаның бірі – «Бұғылы» аймағы,–дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімбасшысының міндетін атқарушы Нариман
«Бұғылы» – туризм болашағы
Қарқаралыдағы ең ауқымды жобаның бірі – «Бұғылы» туристік-рекреациялық аймағы. Бұл – өңірдің келешектегі туристік келбетін қалыптастыратын кешенді жоба.
Жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайды. Биыл құрылыс жұмыстарына 1,2 миллиард теңге бөлініп, жоба басталғалы 940 миллион теңге игерілді.

Қазіргі уақытта мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында 5 шақырым су құбыры, 4,5 шақырым кәріз жүйесі, 2,5 шақырым жоғары кернеулі электр желісі, 5 шақырым автомобиль жолы, талшықты-оптикалық интернет желісі тартылады.
Бірнеше саябақ, көгалдандырылған демалыс орындары, жарықтандыру жүйелері, скалодром, «Денсаулық баспалдағы» және басқа да туристік нысандар салу алдағы күндердің еншісінде.
75 гектар аумақты алып жатқан аймақ Бас жоспарға сай бес негізгі бағытқа бөлінген. Атап айтқанда, табиғатпен үндес шағын демалыс аймақтары яғни, табиғат аясында тыныш демалуға арналған орындар. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін танытатын этноауыл. Бұл жерде туристер ұлттық тағамдардан дәм татып, көшпелі өркениеттің ерекшелігін сезіне алады. Балалар мен жастарға арналған ойын-сауық саябағы. Жайлы қонақ үйлер мен демалыс үйлері орналасады. Сонымен қатар, қысқы туризмнің өзегі болатын тау шаңғысы кешені бой көтермек. Жоба аясында 56 демалыс үйі мен глэмпинг салу жоспарланып отыр. Олардың жалпы сыйымдылығы – 366 орын. Инженерлік желілер толық аяқталғаннан кейін 18 жер учаскесі аукцион арқылы инвесторларға ұсынылады. Жобаның басты ерекшелігі – Қарқаралы енді тек жазда ғана емес, жылдың кез келген уақытында турист қабылдауға әлеуетті.
Жаңа бағыттар ұсынады
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – бүкіл Қазақстандағы экологиялық туризмнің ең маңызды орталығының бірі.
Аумағы 112 120 гектарды алып жатқан ұлттық парк табиғаттың сирек кездесетін байлығын сақтап қана қоймай, оны халық игілігіне жарату жолында да жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мұндағы сан ғасырлық қарағайлы орман, ерекше гранитті таулар, мөлдір көлдер мен алуан түрлі жануарлар дүниесі жыл сайын мыңдаған туристің қызығушылығын арттыруда. Қарқаралы табиғатының басты ерекшелігі – оның әр мезгілде әртүрлі көрініс табуы. Көктемде гүлге оранған тау бөктерлері мен құстардың әуені табиғаттың қайта түлегенін аңғартса, жазда самал желі есіп тұратын қарағайлы ормандар саяхатшыларға сая болады. Күзде алтын түске боялған орман ерекше көрікке енсе, қыста аппақ қар жамылған таулар қысқы туризмді дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Ұлттық паркке келетін әрбір қонақ табиғаттың ерекше келбетін жақыннан көруге мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта парк аумағында жалпы ұзындығы 70,4 шақырымды құрайтын төрт туристік маршрут жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.
Мәселен, «Шайтанкөл көлінің аңыздары» бағыты туристерді Қарқаралының ең тылсым табиғи нысандарының бірімен таныстырады. Көлдің пайда болуы туралы ел арасында сақталған аңыздар бұл жерге ерекше рухани сипат береді.
«Тарихи ескерткіштер» бағыты өңірдің көне тарихына саяхат жасауға мүмкіндік береді. Мұнда ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи орындар мен мәдени мұралар сақталған.
«Үш үңгір» маршруты табиғаттың жұмбақ әлеміне жетелейді. Жартастар арасындағы ерекше үңгірлер мен олардың геологиялық құрылымы көптеген саяхатшының қызығушылығын тудырады.
Ал, «Тас ертегісі» бағыты табиғаттың өзі жасаған ғажайып мүсіндерді тамашалауға мүмкіндік береді. Жел мен уақыттың әсерінен қалыптасқан алып тастар сан түрлі бейнеге ұқсап, келушілерді таңғалдырады.
Алдағы уақытта туристер үшін тағы екі жаңа бағыт – «Екі қазандық» және «Тас қақпасы» маршруттарын ашу жоспарланып отыр.
Биыл парк үшін бірыңғай дизайн-код тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туристік бағыттардағы барлық ақпараттық құралдардың бір стильде безендірілуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, парк аумағында 30 жаңа ақпараттық стенд орнатылып жатыр. Бағыттаушы белгілер жаңартылып, келушілердің адаспай жүруіне жағдай жасалуда.
Өндірістік цехта жаңа беседкалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршаулар дайындалуда.
Сондай-ақ, ұлттық парк аумағында туризм саласын цифрландыру мақсатында алты бақылау-өткізу бекеті жұмыс істейді. Мұнда келушілерді тіркеу, бақылау және төлем қабылдау жүйесі толық жаңғыртылған.
Қазіргі таңда Halyk Bank және Kaspi Bank арқылы онлайн төлем жасау мүмкіндігі бар. Бұл туристердің уақытын үнемдеп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, барлық бақылау-өткізу бекеттеріне ақпараттық тақтайшалар орнатылып, келушілерге қажетті мәліметтер ұсынылған.
«Шахтер» бақылау-өткізу бекетін толық автоматтандыру жобасы іске асырылуда. Ал, «Тасбұлақ» пен «Шайтанкөл» бекеттеріне электрондық шлагбаумдар қойылып, көлік қозғалысын басқару жүйесі жаңартылды. Бақылау-өткізу бекеттерінде тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйелері орнатылған. Сонымен қатар, байланыс сапасын арттыру үшін интернет пен ұялы байланыс сигналын күшейтетін арнайы құрылғылар іске қосылған.
Жазғы маусымда құтқарушылар мен мемлекеттік инспекторлар туристік бағыттарда тұрақты кезекшілік атқарады.
Дамудың басты тетігі
Өңірге жылына 30 мыңнан астам турист келеді екен. Бүгінде ұлттық парк аумағында туристік-рекреациялық қызметті дамыту үшін жалпы ауданы 15,5 гектар болатын 10 жер учаскесі ұзақ мерзімді, жалпы ауданы 10,5 гектарды құрайтын 19 жер учаскесі қысқа мерзімді пайдалануға берілген. Бұл жобаларға қазақстандық кәсіпкерлер мен инвестициялық компаниялар қатысып, жаңа туристік кешендер салуға қызығушылық танытып отыр.
Алдағы жылдары ұлттық парк аумағында заманауи визит-орталық, эко-қонақүй, Табиғат мұражайын жаңғырту және жануарлар вольерін қайта салу жоспарланған. Туристің алғашқы әсері көбіне жолдан басталады. Сондықтан, аудан аумағында жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
Бүгінде аудандық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жанармай құю бекеттері, қоғамдық тамақтану орындары мен кемпингтерді ұлттық стандарттарға сай жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы табысты жобалардың бірі – «Keruen Inn» мотелі. «Qazaqoil» жанармай құю станциясының аумағында орналасқан екі қабатты мотельде 39 адамға арналған жайлы бөлмелер қарастырылған. Бұл нысан ұзақ жолға шыққан саяхатшылар үшін сапалы қызмет көрсететін заманауи кешенге айналды.
Сонымен қатар, Қарқаралы қаласында жалпы инвестиция көлемі 3 миллиард теңгені құрайтын Family House туристік кешені жұмысын бастады. Кең әрі заманауи кешенде орналастыру, тамақтану және демалыс қызметтері бір жерде ұсынылады. Мұндай жобалардың іске асуы өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік беріп отыр.
Жауапкершілік үйлесімі
Жалпы әлемдік туризм индустриясында экотуризмге деген сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейде өсіп келеді. Табиғаттың сұлулығын тамашалап қана қоймай, оны сақтауға үлес қосу – заманауи саяхатшының басты ұстанымдарының біріне айналды. Бұл үрдіс Қарқаралы өңірінде де айқын көрініс табуда. Ашық аспан астында демалушылар саны артқан. Яғни, бұқаралық демалыс орындарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес ауданда үш негізгі бұқаралық демалыс орны белгіленген. Олар – Самалкөл жағалауындағы «Шахтер» демалыс үйі, Қаршығалы ауылдық округіндегі «Саумалкөл» жағажайы және Қарқаралы қаласындағы қалалық тоған.
«Саумалкөл» жағажайы табиғат аясында тынығуға қолайлы орындардың бірі саналады. Жалпы аумағы 4 гектар болатын демалыс аймағында күн панельдері арқылы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Мұнда демалушыларға арналған 10 шағын үй мен 2 киіз үй бар. Бір мезгілде 80 жуық адамды қабылдайтын жағажайда санитарлық тораптар, қоқыс контейнерлері және арнайы от жағатын орындар қарастырылған.
Қарқаралы қаласындағы қалалық тоған соңғы жылдары толық жаңғыртылды. Жағалау абаттандырылып, жаңа күркелер, орындықтар, жағажай шезлонгтары, қоқыс жәшіктері мен санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылды. Биыл бұл нысан сенімгерлік басқаруға беріліп, қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары қолға алынды.
Ал, Самалкөл жағажайында жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, жолдар жөнделді. Демалушыларға арналған беседкалар, санитарлық құрылыстар және тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған орындар орнатылды. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына бағытталған.
Қазіргі таңда Қарқаралы туризмі жаңа сапалық кезеңге аяқ басты. Бұрын бұл өлке негізінен табиғатымен танылса, бүгінде заманауи туристік орталыққа айналып келеді.
Қарқаралы – өткеннің мұрасын бүгінгі дамумен сабақтастыра білген өңір. Мұнда табиғат пен тарих, ұлттық дәстүр мен заманауи туризм өзара үйлесім тапқан.
Сағыныш ӘБІЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



