Демократиялық үдерістің басты талабы
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының жұмыс сапарындағы маңызды бағыттың бірі – сайлау процесінің барлық санаттағы азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесі. Осы мақсатта Нұрлан Әбдіров Қарағанды қаласындағы оқу-модульдік орталығында орналасқан №16 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Бұл учаске мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне өз бетінше қатысуына арналған үлгілік орталық ретінде белгіленген.

Учаскеде көтергіш құрылғы, қызметкерді шақыру түймесі, арнайы тұтқалар, кеңейтілген есік ойықтары, арба пайдаланушыларға арналған жасырын дауыс беру кабиналары, Брайль қарпімен дайындалған трафареттер, бюллетень мәтінінің аудионұсқасын тыңдауға арналған құрылғылар және ақпараттық бұрыштар орналастырылған. Бұдан бөлек, дауыс беру күні инватакси қызметін ұйымдастыру жоспарланған.
Облыста бүгінде 6 245 мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген. Сондықтан, олардың сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыру үшін барлық сайлау учаскесінде қажетті жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.
«Qamqor plus» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндиталиев бұл бағыттағы жұмыстың ерекше маңызын атап өтті.
– Біз үшін тең мүмкіндіктер жасаудың маңызы зор. Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысында мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай тәсіл сайлау құқықтарының теңдігі қағидатын айқын көрсетеді және ол барынша кеңінен қолданылуы тиіс, – деді ол.

Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров барлық сайлау учаскесінде инклюзивті талаптардың бірдей сақталуы қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, осы модульдік орталықтағы сияқты әр учаскеде мүгедектігі бар азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс.

– №16 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған барлық қажетті жағдай қарастырылды. Сонымен қатар, есту қабілеті төмен азаматтарға арналған индукциялық жүйе орнатылған. Ол жүйе арқылы сайлаушы комиссия мүшесінің дауысын кедергісіз есітіп, тілдесе алады. Біздің учаскеде 1 922 сайлаушы тіркелсе, оның 13-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Әр сайлаушының дауыс беру процесіне тең дәрежеде қатысуы үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалды, – деді №16 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы Салтанат Макаева.
Инспекциялық сапар барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Теміртау қаласындағы №294 және №295, сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы №106 және №107 сайлау учаскелеріне барып, олардың материалдық-техникалық дайындығын, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру деңгейін және сайлаушылармен өзара іс-қимыл барысын тексерді.
Сапар аясында облыс әкімдігі, құқық қорғау органдары және өзге де мемлекеттік мекемелер басшыларының қатысуымен Құрылтай сайлауына дайындық мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті.

Жиында сайлаушылар тізімдерін өзектендіру, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сайлау науқаны барысында заң талаптарының сақталуы және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мәселелері жан-жақты қаралды.
Бұдан бөлек, Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысының аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары төрағаларымен жеке жұмыс кеңесін өткізді. Онда қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктері, сайлау заңнамасын бірізді қолдану, дауыс беру күніндегі комиссиялардың іс-қимыл алгоритмі, сондай-ақ, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету тетіктері талқыланды.

Орталық сайлау комиссиясы өңірлердегі сайлау комиссиялары мүшелерін жүйелі оқытуға ерекше мән береді. Осыған байланысты инспекциялық сапарлардың маңызды бөлігінің бірі ретінде жергілікті жерлерде тәжірибелік оқыту семинарлары ұйымдастырылып келеді.
Қарағандыда өткен семинар барысында Теміртау қаласында орналасқан сайлау комиссияларының мүшелері кіріс және қорытынды тестілеуден өтті. Практикалық бөлімде түрлі кейстік жағдайлар қарастырылып, дауыс беру күні туындауы мүмкін мәселелер бойынша комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритмдері тәжірибеге негізделген оқыту әдістері арқылы пысықталды.

Сапар қорытындысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасына аймақта халықты ақпараттандыру жұмыстары жөнінде де есеп берілді. Сайлау науқаны туралы мәліметтерді тұрғындарға жеткізу үшін ресми интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, сайлаушыларға арналған арнайы онлайн-сервистер іске қосылады.

Азаматтарға жедел кеңес беру мақсатында облыста 14 call-орталық жұмыс істейді. Бұған қоса, тәулік бойы қызмет көрсететін бірыңғай 109 байланыс қызметі арқылы тұрғындар сайлауға қатысты барлық қажетті ақпаратты ала алады.

Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары 17 тамызға дейін жалғасады.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



