Қарағанды облысында биыл 15 мыңнан астам бала алғаш мектепке барады
Қарағанды облысында 2026-2027 оқу жылына дайындық жалғасуда. Биыл 1 қыркүйекте өңір мектептерінде 175 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бірінші сынып оқушылары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында облыста дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету.
Акция аясында «Балаларға жақсылық сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлық», «Отбасы отбасына көмектеседі: Баланы мектепке бірге дайындайық!» атты қайырымдылық шараларымен қатар «Түнгі қаладағы балалар» және «Қамқор» профилактикалық рейдтері ұйымдастырылады.
Сондай-ақ облыстың барлық қала және ауданында мектеп жәрмеңкелері өткізіледі. Оған отандық өндірушілер мен жергілікті кәсіпкерлер қатысып, мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен ұсынады.
Биыл мемлекеттік материалдық көмекті тағайындау тәртібі де жаңартылды. Енді ата-аналарға табысы туралы анықтама өткізудің қажеті жоқ. Қажетті ақпарат Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде тексеріледі.
– Басты жаңалық – отбасының табысын тексеру үдерісінің толық цифрландырылуы. Бұл мемлекеттік қолдауды көрсету рәсімін жеделдетіп, оны ашық әрі ыңғайлы етеді, – деді Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов.
Материалдық көмек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетіледі. Қажет болған жағдайда заңнамаға сәйкес өзге де санаттағы оқушыларға қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Биыл мектепке дайындыққа арналған біржолғы мемлекеттік төлем мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Қаражат ата-аналардың немесе заңды өкілдердің банк шоттарына тікелей аударылады. Бұл мектепке қажетті заттарды өз таңдауы бойынша сатып алуға мүмкіндік береді.
Материалдық көмекке қатысты сұрақтар бойынша ата-аналар мектеп әкімшіліктеріне, сондай-ақ 50-25-00 және 50-45-25 сенім телефондарына, білім басқармасының ресми Telegram-арнасына немесе қалалық және аудандық білім бөлімдеріне хабарласа алады.
Өңірдің білім басқармасы тұрғындарды «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуға шақырды. Мектеп құралдары, киім-кешек, аяқ киім немесе қаржылай көмек түріндегі кез келген қолдау қиын жағдайға тап болған балалардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастауына мүмкіндік береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



