Қарағандыда жүрегінде ақауы бар нәрестеге ота жасалды
Қарағандыда туа біткен жүрек ақауының ауыр түріне шалдыққан 19 күндік нәрестеге күрделі операция жасалды. Ота Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталық пен UMC Жүрек орталығы мамандарының бірлескен жұмысы нәтижесінде орындалды.

Нәрестеге өкпе тамырларының толық аномальды дренажы диагнозы қойылған. Бұл қанның өкпеден жүрекке қалыпты өтуіне кедергі келтіретін күрделі патология. Сонымен қатар балада ашық артериялық өзек пен қарыншааралық перде ақауы анықталған. Бұған дейін нәрестеге асқазан-ішек жолындағы қатар жүретін патологияға байланысты операция жасалған.

Күрделі отаның хирургиялық бөлігін Қарағанды облыстық орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов пен UMC Жүрек орталығы балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов орындады. Операцияға анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог және кардиолог мамандар да қатысты.

Мамандардың айтуынша, бұл Қарағанды облысындағы балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам. Себебі мұндай күрделі оталар өңірде көп жылдан бері жасалмаған.
Бірлескен операция жергілікті дәрігерлердің тәжірибесін арттыруға және алдағы уақытта осындай медициналық көмекті жаңа туған нәрестелерге Қарағандының өзінде көрсетуге мүмкіндік береді.

«Бұл шеберлік сабағының мақсаты – осындай балаларға операцияны осында, Қарағандыда жасауға мүмкіндік қалыптастыру және оларды республикалық орталыққа тасымалдауға кететін уақытты жоғалтпау», – деді Ғанибек Ақжанов.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мамандардың біліктілігін арттыру және өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту жұмыстары жалғасады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



