«Күнгей» мен «Таугүлге» газ келеді
Қарағанды қаласындағы «Күнгей» және «Таугүл» шағынаудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда алтыншы іске қосу кешенінің құрылысы соңғы кезеңге жетіп, жобаны биылғы қазан айында толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мамандардың мәліметінше, нысанда бүгінге дейін 165 шақырым газ тарату желісі тартылған. Сонымен қатар жоспарланған 5075 қосылу нүктесінің 3900-і дайын.
Алайда тұрғындар табиғи газға бірден қосыла алмайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғаннан кейін нысан барлық қажетті техникалық тексерулер мен қабылдау рәсімдерінен өтеді. Осыдан кейін ғана газ тарату желілері пайдалануға беріліп, тұрғындарды ресми түрде табиғи газға қосу басталады.
Осыған байланысты жауапты мамандар өтпелі кезеңде тұрғындарға қолданыстағы жылыту жүйелерін ажыратпауға кеңес береді.
– Алтыншы іске қосу кешенінің құрылысын қазан айында аяқтаймыз. Қараша айында нысанды пайдалануға беру актісіне қол қойып, оны QazaqGaz Aimaq компаниясының теңгеріміне өткізуге қатысты барлық рәсімдерді жүзеге асыру жоспарланған. Сондықтан тұрғындардан газдандыру жұмыстары толық аяқталғанға дейін қолданыстағы жылыту жүйесін сақтауды сұраймыз, – деді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Жалпы, Қарағанды қаласын газдандыру бағдарламасы кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Бүгінде бес іске қосу кешені бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғындарды экологиялық таза әрі қолайлы отын түрімен қамтамасыз етіп, қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



