Жаңалықтар

Ұлы Дала һәм мұра

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында: «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек», – деп, көне ескерткіштерді қорғау, ғылыми тұрғыдан зерттеу және келер ұрпаққа аман жеткізу ісін мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет ретінде айқындаған еді. Осы тұрғыдан алғанда, Сарыарқаның са­йын даласындағы Талды тарихи-археологиялық алқабы – осы міндеттің мәнін айқын аңғартатын бірегей мекен. Мұндағы әр тас үйіндісі мен көне қорым – өткеннің көмес­кі жұрнағы ғана емес, Ұлы далада қалыптасқан өркениеттің, сәулет пен жерлеу дәстүрінің, қоғамдық қатынас пен дүниетанымның заттай айғағы.

 Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Қорғау – бүгіннің аманаты

Көне мұраны зерттеу – істің бір бөлігі ғана. Оны табиғи бүлінуден, заңсыз қазбадан және шаруашылық әрекеттің салдарынан қорғау – одан да үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында қазба жұмыстарына лицензия беру тәртібін жетілдіруді, заңсыз археологиялық әрекеттерге жауапкершілікті күшейтуді, ескерткіштерді қалпына келтіру ісін жүйелеуді тапсырды. Бұл – Талды секілді ашық далада жатқан күрделі кешендерге тікелей қатысты міндет.

Қазір әлемнің әр түпкіріндегі ғалымдардың назарын аударып отырған бұл алқаптағы Қаражартас, Ақкезең, Нұраталды, Табылды секілді ескерткіштер Сарыарқада сан мың жыл бұрын күрделі қоғамдық құрылым мен жоғары деңгейдегі тас сәулеті қалыптасқанын көрсетеді. Сондықтан,Талдының тағдыры археологтардың қазба жұмысымен ғана шектелмейді. Оны ғылыми айналымға енгізу, цифрландыру және халықаралық деңгейде таныту – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің өңірдегі нақты жалғасына айналуға тиіс.

Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағында әр дәуірге тән 200-ге жуық ескерткіш шоғыр­ланған. Қорымдар, көне қоныс­тар, ғұрыптық орындар мен тас құрылыстар ежелгі дала тұрғындарының тұрмысын, дүниетанымын, қоғамдық құрылымын танытады. Бұл өлкені ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеудің алғашқы кезеңі академик Әлкей Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясымен байланыс­ты. 1947-1964 жылдар аралығында жүргізілген барлау мен қазба жұмыстары Талды алқабының тарихи маңызын айқындаса, 2011 жылдан бері зерттеудің жаңа кезеңі басталып, тың материалдар ғылыми айналымға ене түсті.

Тасқа түскен өркениет ізі

Алқаптағы ең әйгілі нысан – Қаражартас қорымы. Сатылана қаланған сыртқы пішініне байланысты жұрт оны шартты түрде «пирамида» деп атайды. Алайда, ол Мысыр құрылысын қайталаған ескерткіш емес, Сарыарқа төсінде қалыптасқан өзіндік жерлеу-сәулет дәстүрінің айрықша үлгісі. 2016 жылы басталған зерттеулер бұл кешеннің қола дәуіріндегі қоғамның әлеуметтік жіктелуі, сәулет өнері мен ғұрыптық танымы туралы маңызды мәлімет беретінін көрсетті.

– Қаражартас пирамидасының ерекшелігі – оның бірегейлігінде. Мұндай құрылым Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Ғалымдар оны соңғы қола дәуірімен, Беғазы-Дәндібай мәдениетімен байланыстырады. Хронология­лық тұрғыдан алғанда, ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XV ғасырларға тиесілі деген ғылыми пайым бар. Бұл кезең – Орталық Қазақстанда күрделі әлеуметтік құрылым қалыптасып, жерлеу дәстүрі мен тас сәулеті жоғары деңгейге жеткен уақыт. Қаражартастың орталық бөлігінде бір адам жерленген. Оның маңындағы қосымша жерлеу орындары сол дәуірдегі әлеуметтік қатынастар мен дүниетанымнан хабар береді. Кейбір болжамдарға қарағанда, негізгі жерленген адамның айналасында оның отбасы мүшелері немесе мәртебесі жоғары ортаға жақын адамдар жерленуі мүмкін. Мұның өзі Қаражартастың қарапайым қорым емес, белгілі бір әлеу­меттік мәні бар күрделі ғұрыптық нысан екенін аңғартады, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археология­лық институтының директоры Алексей Кукушкин.

Қаражартастан табылған қыш сынықтары, адам сүйектерінің қалдықтары мен тас құрылыстың сәулеттік белгілері жеке-жеке қарағанда шағын ғана айғақ секілді. Бірақ, археолог үшін әрбір өрнек, жерлеу бағыты мен құрылыс тәсілі сол заман адамының әлемді қалай қабылдағанын қалпына келтіретін тұтас мәлімет. Сондықтан, бұл алқаптағы әр қазба жаңа олжадан бұрын жаңа сұрақ тудырады.

Талдының құндылығы Қаражартаспен ғана шектелмейді. Ақкезең қонысы қола дәуіріндегі отырықшылық пен металл өңдеу ісінің жоғары деңгейін аңғартса, Табылды қорымынан анықталған жұп жылқы жерлеуі арба мәдениеті мен аттың ғұрыптық орнын айшықтайды. Түрлі кезеңдерге жататын жерлеулер мен жәдігерлер бұл өңірде мәдени сабақтастықтың үзілмегенін көрсетеді. Бір кеңістікте бірнеше тарихи дәуірдің ізі қатар сақталуы – Талдының ғылым үшін басты ерекшелігінің бірі.

Талдыға көз тіккен әлем

Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен Талды төрінде өткен халықаралық ғылыми симпозиум осы бағыттағы жұмыстың жаңа белесін аңғартты. Қазақстанмен қатар, Түркия, Германия, Мажарстан және Ресейден келген археологтар, антропологтар, реставраторлар мен музей мамандары алқаптың тарихи құндылығын әр қырынан саралады. Ақкезең қорымынан табылған адам сүйектеріне жасалған антропологиялық талдау, археоботаника мен археометрия әдістері, жаңа қазбалардың алғашқы нәтижелері ұсынылды. Ортақ жобалар мен ғылыми байланыстар туралы келісімдер де Талдының енді аймақтық қана емес, халықаралық зерттеу алаңына айналып келе жатқанын байқатты.

Сарыарқаның сайын даласы сырт көзге маң даламен тұтасып жатқан меңіреу кеңістік секілді. Ал, зер сала үңілсеңіз, әр төбесі мен тас үйіндісі талай ғасырдың үнсіз куәсіндей сыр шертеді. Шет ауданындағы Талды алқабы – сондай көмбелі тарихтың ең қалың қатпарлары сақталған мекен. Қола дәуірінен бастап ерте темір ғасыры мен орта ғасырларға дейін созылған ұзақ жолдың таңбасы осы алқапта бір-бірімен астасып жатыр. Сондықтан, Талдыны бір ғана археологиялық нысан емес, Ұлы дала өркениетінің бірнеше мыңжылдық шежіресін тұтастырып тұрған тарихи кеңістік деп бағалаған жөн.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button