Қарағандыда «Заң мен тәртіп» спорттық челленджі басталады
Қарағандыда тамыз айында «Заң мен тәртіп» спорттық челленджі өтеді. Жоба аясында қала тұрғындары әр таңын танымал спортшылар мен кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен өтетін бұқаралық жаттығудан бастай алады.

Іс-шараны Қарағанды қаласының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Челлендж Теміртаудан эстафета ретінде қабылданған бастаманың жалғасы саналады.
Таңғы жаттығулар күн сайын сағат 08:00-де басталып, шамамен 30–40 минутқа созылады. Ұйымдастырушылар әр апта сайын жаттығу өтетін жаңа орынды белгілеп, бұл туралы тұрғындарды алдын ала хабардар етеді. Алғашқы аптаның жаттығулары Орталық саябақтағы стационарлық сахнада өтеді.
Челленджге жасына және дене дайындығына қарамастан, салауатты өмір салтын ұстануға ниетті барлық тұрғын қатыса алады.
– Жаттығулар таңғы сағат сегізде басталып, шамамен 30–40 минутқа созылады. Алғашқы аптада оларды Орталық саябақтағы стационарлық сахнада өткізуді жоспарлап отырмыз. Барша қала тұрғындарын «Заң және Тәртіп» челленджіне қосылып, қаланың спорттық өміріне қолдау көрсетуге, сергектік қуатын сезініп, салауатты өмір салтына тағы бір қадам жасауға шақырамыз, – деді Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.
Жаттығулардың кестесі, өтетін орындары және бағдарламадағы өзгерістер туралы өзекті ақпарат @park.krg Instagram парақшасында жарияланып отырады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz


