44 млн теңге шығын келтірген күдікті Алматыда қолға түсті
Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 37 жастағы Қарағанды тұрғыны «Сергек» бейнебақылау жүйесінің көмегімен Алматы қаласында қолға түсті. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, күдікті жәбірленушіге 44 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Ол сот үкімімен пробациялық бақылауда болғанымен, 2023 жылы тұрғылықты мекенжайын өз бетінше тастап, құқық қорғау органдарынан жасырынып кеткен.
Үш жыл бойы іздеуде жүрген азаматты анықтау жұмыстары тоқтатылған жоқ. Жедел ақпараттың нәтижесінде оның Алматы қаласында жүргені белгілі болды. Алайда оны ұстау үшін арнайы жедел-іздестіру шараларын өткізудің қажеті туындамаған.
Күдікті супермаркеттердің біріне барған кезде «Сергек» жүйесінің камерасына түсіп қалған. Бет-әлпетті тану технологиясы оның бейнесін іздеуде жүрген адамдардың деректер базасымен салыстырып, жеке басын автоматты түрде сәйкестендірген. Осыдан кейін оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, оны Қарағанды қаласына этаппен жеткізді.
Қазіргі уақытта ер адам қамауда отыр. Алдағы уақытта сот оның пробациялық бақылау түріндегі бұрынғы жазасын жою мәселесін қарап, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түрінде өтеу туралы шешім қабылдайды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



