Теміртау қаласының жағажайы бір күнде-ақ өзгеше жарыс алаңына айналып шыға келді. Мұнда әдеттегідей демалыс кезіндегі айқай-шу емес, оған қатысушылардың ауық-ауық пәрмендері мен жинаған балдарын есептеген дауыстары естіліп жатты. Жастар қолдарына спорт құралдарын ұстамай, жұмыс қолғаптары мен қоқыс жинайтын қапшықтармен шыққан екен. Өйткені, бұл күні қалада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жауынгерлері мен белсенді жастарды біріктірген экологиялық квест – «Таза ойындар» өтіп жатқан еді.

Жарысқа қатысқан командалардың басты міндеті жағажайдың қоқыс қалдықтарын көбірек жинап қана қоймай, оны дұрыс сұрыптай білу де болатын. Қалдықтың әрбір түрі – пластик, қағаз, резина немесе ірі көлемдегі қоқыс үшін белгілі бір балл мөлшері қойылды. Жеңімпаздарды жылдамдық пен дене белсенділігінен бөлек ықтияттылығы мен қалдықтарды жекелей жинау принциптері де анықтады.
– Биылғы жаздың еңбек маусымында қаламыздағы «Жасыл ел» жасақтарының қатарында 300-ден астам адам бар. Мұндай акциялар қаланы таза ұстауға көмектесіп, қала тұрғындарының қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау жауапкершілігін де тәрбиелейді. Сондай-ақ, оған қатысқан жастар қоқыс қалдықтарын дұрыс сұрыптауға үйреніп, оның табиғатты сақтап, аялаудағы маңызын түсінеді, – дейді «Жасыл ел» жобасының бас үйлестірушісі Мирас Яуда.
Осы күні жарысқа қатысушылардың көпшілігі үшін эковест тұңғыш тәжірибе болды. Дегенмен, туған қаласын таза ұстау олардың әрқайсының негізгі ұстанымы еді деуіміз керек.
– Менің «Жасыл ел» жасағы құрамында болғаныма бірінші жыл. Осында келіп, тіркелгендегі мақсатым – қаламыздың барған сайын тазарып, тұрғындардың мұнда өмір сүруі сәнді де мәнді болуы. Сондықтан, бұл жағажайда демалушылардың баршасына «Өздеріңізден кейін қоқыс қалдықтарын қалдырмай, табиғатты қорғап, сақтаңыздар!» деген үндеу тастаймын, – дейді акцияға қатысушылардың бірі.
Жағажайда өткен жарыс аяқталып, барлық жиналған қоқыс қалдықтары қала сыртындағы полигонға апарылып, төгілді. Алайда, ұйымдастырушылар «Таза ойындар» жарысының басты нәтижелері жиналған қоқыс мөлшері мен командалар алған балдардан гөрі қала жағажайының жасаңғырап, тазаруы мен жастардың өз іс-әрекеттерімен экологиямызға қамқорлық танытып, үлгі көрсетуінде деп біледі.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ



