Келешек STEM-нен басталады
«Бұрын елдің әл-ауқаты аумағының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент айқындаған бұл міндетті жүзеге асыруда STEM білім беру жүйесіне ерекше мән беріліп отыр. Ғылымды, технологияны, инженерия мен математиканы кіріктіре оқытатын заманауи бағыт жас ұрпақтың зерттеушілік және инженерлік қабілетін дамытуға жол ашуда. Бұл бағыт Қарағанды облысында да жүйелі жүзеге асырылып, өңір мектептерінде жаңа STEM-зертханалар ашылып, оқушылардың ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Қазіргі еңбек нарығы бұрынғыдан өзгеше. Алдағы онжылдықта сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігі цифрлық технологиялармен, автоматтандырумен, бағдарламалаумен және инженерлік жобалаумен байланысты болады. Сондықтан, мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың логикалық ойлауын, зерттеу жүргізу дағдысын және технологиялық сауаттылығын қалыптастыру – уақыт талабы.
STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) – төрт негізгі бағытты біріктіретін заманауи білім беру моделі. Бұл тәсілдің ерекшелігі – оқушы дайын ақпаратты жаттап қана қоймай, нақты мәселені шешуге, тәжірибе жасауға, жобалар әзірлеуге және өз идеясын қорғауға үйренеді. Осындай сабақтар барысында балалардың шығармашылық қабілеті, сыни ойлауы, топпен жұмыс істеу дағдысы қалыптасады.
Білім басқармасы мамандарының мәліметінше, облыста STEM білім беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңір мектептерінде роботтехника, бағдарламалау, инженерлік модельдеу және ғылыми жобалар кеңінен енгізіліп келеді. Соның нәтижесінде оқушылар республикалық және халықаралық ғылыми жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, жаңа технологияларды меңгеруге ерте жастан бейімделуде. Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту – STEM бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі. Соңғы бірнеше жылда облыста жүздеген заманауи пәндік кабинеттер жабдықталып, мектептердің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. 2023 жылы өңір мектептеріне жаңа модификациядағы 72 кабинет сатып алынды. Оның ішінде 5 физика, 17 химия, 19 биология, 26 STEM және 5 роботтехника кабинеті бар. 2024 жылы тағы 65 кабинет пайдалануға берілді. Олар 15 физика, 10 химия, 15 биология, 15 STEM және 10 роботтехника кабинетін қамтыды. Жаңғырту жұмыстары 2025 жылы да жалғасын тапты. Былтыр облыс мектептеріне тағы 78 жаңа модификацияланған кабинет сатып алынды. Оның ішінде 19 химия, 19 биология, 15 физика, 12 STEM және 13 роботтехника кабинеті бар. Ал, 2026 жылы тағы 13 жаңа кабинет сатып алу жоспарланған. Оның алтауы химия, бесеуі физика және екеуі биология пәніне арналған.
Облыстағы STEM білімінің нәтижесі халықаралық жарыстардағы жетістіктерден де байқалады. Аймақ оқушылары АҚШ-та өткен беделді FIRST Championship роботтехника чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, әлемдік деңгейде өз білімдерін дәлелдеді. Олардың айтуынша, мұндай жетістіктерге мектептегі роботтехника кабинеттері мен инженерлік білім беру бағыттарының дамуы үлкен ықпал еткен.
– Мен роботтехникалық жарыстарға 8-сыныптан бастап қатысамын және қазірдің өзінде үлкен табыстарға қол жеткіздім. Қарағандыдағы Roboland байқауына қатысып, Алматыға, Астанаға, америкалық Вустер қаласына бардым. Біз барлық жерде сәтті өнер көрсетіп, марапаттарға ие болдық. Осының бәрі болашақтағы өмірлік жолымды анықтауға көмектесті. Болашақта ІТ саласында жұмыс істегім келеді, – дейді халықаралық роботтехника жарыстарының жеңімпазы Акбар Ермеков.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауы да маңызды рөл атқаруда. Қордың қатысуымен Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалалары, сондай-ақ Абай және Қарқаралы аудандарының 86 мектебі химия, физика және биология пәндері бойынша 253 заманауи кабинетпен жабдықталды. Бұл зертханалар халықаралық стандарттарға сәйкес құралдармен қамтамасыз етіліп, тәжірибелік сабақтардың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Ауыл мектептерін жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені сапалы білім беру қаламен ғана шектелмеуі тиіс. 2023 жылы ауылдық мектептерге 56 жаңа кабинет жеткізілді. Оның ішінде 4 физика, 16 химия, 17 биология, 14 STEM және 5 роботтехника кабинеті бар. 2024 жылы ауылдық білім беру ұйымдарына тағы 47 кабинет сатып алынды. Ал, 2025 жылы ауыл мектептері 40 жаңа кабинетпен толықтырылды. Оның құрамына 10 химия, 10 биология, 8 физика, 7 STEM және 5 роботтехника кабинеті кірді.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Абай және Қарқаралы аудандарындағы 23 ауыл мектебіне химия, физика және биология пәндері бойынша 67 жаңа кабинет орнатылды. Ал, 2026 жылы ауыл мектептері үшін де химия, физика және биология бағытындағы тағы 13 жаңа кабинет сатып алу жоспарланып отыр. Бұл ауыл оқушыларының да заманауи зертханаларда білім алып, қала мектептеріндегі құрдастарымен тең мүмкіндікке ие болуына жағдай жасайды.
– STEM бағыты мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарында да қарқын алып келеді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық әріптестікті кеңейте отырып, Қазақстан мен Германия университеттерін біріктіретін Silk Road STEM Corridor бастамасына қосылуды жоспарлап отыр. Жоба студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және STEM саласындағы халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға бағытталған. Бұл бастама инженерлік және техникалық мамандарды даярлау сапасын арттырып, оқу орнының халықаралық білім беру кеңістігіндегі әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. STEM білім беру жүйесі мектеп қабырғасынан басталып, жоғары оқу орындарында халықаралық деңгейде жалғасып келеді. Заманауи пәндік кабинеттердің ашылуы, инженерлік бағыттағы білім беру бағдарламаларының дамуы және шетелдік университеттермен әріптестіктің нығаюы өңірде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға жаңа серпін беруде, – деді Қарағанды техникалық университеті басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов.
Қазіргі таңда Қарағанды облысының оқушылары роботтехника, бағдарламалау, инженерлік жобалау және ғылыми-зерттеу бағытындағы түрлі байқауларға белсенді қатысып, өңірдің білім беру әлеуетін республикалық деңгейде танытып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамыту – еліміздің тұрақты экономикалық өсімінің негізгі кепілі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Сондықтан, мектептерді жаңғырту, зертханаларды жабдықтау және STEM білімін кеңінен енгізу – бүгінгі оқушының ертеңгі жоғары білікті маман болып қалыптасуына жасалған маңызды қадам.
Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеріп қана қоймай, өңірдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға, инновациялық экономиканы дамытуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге берік негіз қалайды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



