Металлургия майталманы
Өндірістің ыстық ошағында шыңдалып, маңдай терімен мәртебесін биіктеткен жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Себебі, өндірістегі әрбір жетістік – кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктің, табандылық пен тынымсыз ізденістің жемісі. Осындай еңбекқор, ісіне адал азаматтардың бірі – Балқаш мыс зауыты учаскесінің ауысым шебері Қанат Садыбаев.

Қанат Қайырханұлы 1991 жылдың 21 тамызында Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан еңбек адамдарының ортасында өсіп, техникалық салаға қызығушылық танытқан ол болашақ мамандығын ерте таңдады. Осы мақсат жолында 2009 жылы Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» колледжін металлургия мамандығы бойынша тәмамдап, өндіріс әлеміне нық қадам басты.
Еңбек жолын 2015 жылдың 13 мамырында Балқаш мыс зауытының мыс балқыту цехында балқытушы болып бастады. Балқыған металдың қызу ортасында шыңдалған жас маман алғашқы күннен-ақ еңбекке деген адалдығымен, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын қасиетімен көзге түсті. Әр күн сайын тәжірибесін молайтып, кәсіби шеберлігін жетілдіруге күш салды. Тиянақты еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 2018 жылдан бастап, балқытушы қызметімен қатар ауысым шеберінің міндетін уақытша атқарды. Бұл кезең оның өндірістік тәжірибесін байытып қана қоймай, басқарушылық қабілетін де шыңдады. Ұжыммен бірлесе жұмыс істеу, өндірістік үдерісті тиімді ұйымдастыру және жауапты шешім қабылдау сияқты қасиеттері осы жылдары айқын қалыптасты.
– Металлург мамандығы – тек кәсіп емес, үлкен жауапкершілік. Әр жұмыс күніміз өндірістің қауіпсіздігі мен сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, әр істі ұқыптылықпен атқаруға, өз білімімді үнемі жетілдіруге тырысамын. Еңбектің қадірін біліп, тәжірибелі әріптестерден үйрену – мен үшін басты қағида. Алдағы уақытта да ұжым сенімін ақтап, өндірістің дамуына өз үлесімді қоса беруді мақсат етемін, – дейді Қанат Қайырханұлы.
«Білім – біліктіліктің бастауы» екенін терең түсінген Қанат еңбекпен қатар кәсіби білімін жетілдіруге де ерекше көңіл бөлді. 2021 жылы Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, өндірістегі мол тәжірибесін теориялық біліммен толықтырды. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 2024 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, диплом иеленді. Бұл оның кәсіби деңгейін жаңа белеске көтеріп, өндірістегі жауапты қызметтерді атқаруына берік негіз қалады. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен табанды еңбектің жемісі ретінде 2026 жылдың мамыр айында ауысым шебері лауазымына тағайындалды.
Кейіпкеріміздің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Еңбек жолында ол өндірістік жоспарларды сапалы орындап, өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарғаны үшін «Қазақмыс» компаниясының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен бірнеше мәрте марапатталды. Бұл – оның кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің нақты көрінісі. Биыл кәсіпорынның таңдаулы еңбеккерлері қатарынан көрініп, есімі «Даңқ галереясына» енгізілді.
– Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жеткен жетістіктерім – өзім еңбек ететін ұжымның, тәжірибелі әріптестерімнің қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да адал еңбектен айнымай, өндірістің өркендеуіне өз үлесімді қоса беремін, – дейді Қанат Садыбаев.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



