Жаңалықтар

Нұркен Блялов: Басты нәтиже – қағазбастылық азайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саланы цифрландыру ісінде басты назар азаматтардың нақты мұқтаждығына, деректердің сапасына және мемлекеттік қолдау­дың әділ әрі ашық көрсетілуіне аударылуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бүгінде әлеуметтік төлемдерді тағайындау, зейнет­ақы рәсімдеу, мүгедектікті белгілеу, арнайы әлеуметтік қызметтер саласын бақылау жұмыстары біртіндеп цифрлық форматқа көшіп келеді. Бұл азаматтар үшін қаншалықты тиімді? Құжат жинау азайды ма? Проактивті қызметтер әлеуметтік қолдау­ға қол жеткізуді жеңілдетті ме? Осы сауалдар төңірегінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Нұркен Бляловпен сұхбаттастық.

Сурет Нұркен Бляловтың жеке мұрағатынан

– Нұркен Аманбайұлы, ең алдымен, департаменттің негізгі қызмет бағытына тоқталсаңыз. Әлеуметтік қорғау саласында аумақтық департамент қандай міндет атқарады?

– Біздің департамент – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық органы. Яғни, Комитеттің атқарушы және орындаушы функцияларын өңір деңгейінде жүзеге асырады.
Негізгі жұмысымыз үш бағытты қамтиды. Біріншісі – республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау. Екіншісі – мүгедектікті белгілеу және қайта куәландыру. Үшіншісі – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау.
Әр бағыттың өз ерекшелігі бар. Бірақ, барлығына ортақ басты талап – азаматтар құқығының бұзылмауы, мемлекеттік қызметтің заңға сай, әділ әрі уақытылы көрсетілуі.

– Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды тағайындау бойынша облыстағы қазіргі жағдай қандай?

– Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау бойынша департамент 15 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Былтырғы жылдың аймақ бойынша 70 493 азаматқа тағайындау жүргізілді. Оның ішінде 4 315 жағдайда тағайындаудан бас тарту болды. Бұл жерде бір мәселені нақты түсіндіре кеткен жөн. Бас тартқандардың едәуір бөлігі зейнетақы жинақтарының сақталуына байланысты мемлекеттік кепілдік бойынша біржолғы төлемге қатысты. Яғни, азаматтың жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатының инвестиция­лық өсімі заңда көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда мемлекеттік кепілдік бойынша төлем тағайындалмайды.
Ал, жәрдемақылар бойынша бас тарту өте сирек кездеседі. Зейнетақы тағайындау барысында бас тартудың негізгі себептері еңбек өтілінің болмауы немесе құжатпен расталмауына байланысты болады. Мұндай жағдайда азаматтар құжаттарын ретке келтіріп, қайта өтініш бере алады. Құжаттар толық ұсынылса, мәселе заң шеңберінде қайта ­қаралады.

– Азаматтар бұрынғыдай көп құжат жинай ма? Қазір тағайындау процесі қалай жүреді?

– Өтініш беруші құжаттарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тапсырады. Одан кейін құжаттардың электрондық макеті жасалады. Есептеулерді бэк-офис, яғни, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық жүргізеді. Департамент осы электрондық макет негізінде мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Қазіргі басты өзгеріс – қажетті мәліметтердің көпшілігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы алынады. Департамент жұмыс істейтін «Е-макет» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі салық жүйесімен, eGov деректерімен, мүгедектігі бар азаматтардың орталықтандырылған дерекқорымен, АХАЖ және өзге де ақпараттық базалармен кіріктірілген.
Сондықтан, азаматтарға бұрынғыдай әр мекемеден анықтама жинаудың қажеті жоқ. Құжат жинауды талап ететін негізгі бағыт – зейнетақы төлемін тағайындау. Өйткені, онда еңбек өтілі, мұрағаттық анықтамалар, еңбек кітапшалары сияқты құжаттардың маңызы бар.

– Проактивті қызметтер туралы жиі айтылады. Қарағанды облысында қандай жәрдемақылар проактивті түрде тағайындалады?

– Қазіргі таңда 9 түрлі жәрдем­ақы проактивті форматта көрсетіледі. Проактивті қызмет кезінде департамент қызметкері мен өтініш берушінің тікелей қатысуы болмайды. Ақпараттық жүйелер азаматтың белгілі бір төлемге құқығы бар екенін анықтап, тиісті рәсім автоматты түрде басталады.
Проактивті түрде тағайындалатын жәрдемақылар қатарында мемлекеттік әлеуметтік жәрдем­ақылардың барлық түрі, оның ішінде мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақылар бар. Сондай-ақ, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектігі бар баланы күтуге байланысты жәрдемақы, бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар, жерлеуге арналған біржолғы төлем, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы, зейнетақы жинақтарының сақталуына байланысты мемлекеттік кепілдік бойынша біржолғы төлем және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бар.
Көп жағдайда мұндай жәрдемақылар банк қосымшалары арқылы немесе проактивті форматта рәсімделеді. Бұл азамат үшін өте ыңғайлы. Себебі, адам мекеме жағалап, анықтама жинап, кезекте тұрмайды.

– Цифрландыру әлеуметтік төлемдер саласындағы адами факторды азайтты деуге бола ма?

– Иә, бұл бағыттағы басты нәтиженің бірі – адами фактордың айтарлықтай азаюы. Барлық процестерді цифрлық жүйеге көшіру ең алдымен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Бұрынғыдай құжаттың көшірмесін жасатып, нотариус арқылы растау, бірнеше мекемеге бару, ұзын-сонар кезекте тұру сияқты рәсімдер азайды. Проактивті қызметтер азамат үшін барынша қарапайым форматта ұсынылады. Қолдағы смартфон арқылы қазақ және орыс тілдерінде түсінікті хабарламалар келеді. Бүгінде смартфон қолданбайтын азаматтар аз. Сондықтан, әлеуметтік төлемдерді цифрландыру мемлекеттік қызметті халыққа жақындатты деп айтуға болады.
Сонымен қатар, барлық жәрдемақылардың мөлшері заңмен белгіленген. Артық немесе кем есептеу фактілері болмайды. Тағайындау және бақылау жұмыстары мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасына және Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес күнделікті жүргізіледі.

– Дегенмен, құжаттың дұрыс­тығын бақылау қалай жүргізіледі? Жалған құжат ұсыну фактілері кездесе ме?

– Әрине, бақылау бар. Жүйелі түрде тағайындалған электрондық макеттер қайта тексеріліп отырады. Атап айтқанда, мұрағаттық анықтамалар мен еңбек кітапшаларының дұрыстығы қайта қаралады. Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары, оқыту сабақтары онлайн және офлайн форматта тұрақты өткізіледі.
Жыл басынан зейнетақы тағайындауға жалған құжат ұсынған 38 азаматқа қатысты фактілер анықталды. Тиісті жұмыстар жүргізіліп, азаматтар тарапынан артық алынған сомалар толық көлемде бюджетке қайтарылды.
Бұдан бөлек, сыртқы бақылау да жүргізіледі. Құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан тексерістер болып тұрады. Азаматтардың құқығын бұзатын заңбұзушылықтар анықталған жоқ.

– Екінші бағыт – мүгедектікті белгілеу. Бұл салада цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр?

– Мүгедектікті белгілеу бойынша 1 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұл бағытта сырттай куәландыру форматына ерекше назар аудару қажет. Өйткені, бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың, азамат пен маман арасындағы тікелей байланысты қысқартудың тиімді тетігі.
Сырттай куәландыру азаматтарды құжат жинаудан, бірнеше мекемеге барудан, кезекте тұрудан босатады. Ең бастысы, департамент қызметкерлерімен тікелей қарым-қатынасты азайтады. Бұл әрі ашықтықты арттырады, әрі азаматтарға барынша қолайлы.
2023 жылы сырттай куәландыру 20 ауру түрі бойынша жүргізілді. Олардың қатарында онкологиялық аурулар, туберкулез, аутизм, инсульттен кейінгі паралич, қан аурулары сияқты диагноздар болды. Былтыр бұл тізім кеңейіп, психикалық ауытқулардың барлық түрі, аяқ-қолдың кесілуі сияқты жағдайлар бойынша тағы 22 ауру түрі бекітілді.
Өткен жылы сырттай куәландырудан 6 364 адам өтті. Бұл жалпы куәландырудың 40,9 пайызын құрайды. Биылғы кезеңде 3 429 адам осы формат арқылы куәландырылды.

– Алдағы уақытта сырттай куәландыру толық форматқа айналуы мүмкін бе?

– Иә, алдағы уақытта сырттай белгілеу форматына толық көшу жоспарланып отыр. Бұл бағытта Денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Емхана қызметкерлерімен кездесулер, оқыту және түсіндіру шаралары тұрақты ұйымдастырылады.
Мұндағы басты мақсат – азаматтарды артық әуре-сарсаңға салмау. Егер қажетті медициналық деректер ақпараттық жүйелерде бар болса, азаматтың бірнеше мекемеге барып, құжат тасуының қажеті жоқ. Шешім деректер негізінде қабылдануы тиіс.

– Цифрлық сауаты төмен азаматтар үшін түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Ақпарат таратудың негізгі арналарының бірі – әлеуметтік желілер. Сондықтан, департаменттің әлеуметтік желідегі парақшалары белсенді. Онда қажетті ақпарат, мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау тәртібі, мемлекеттік қызметтерге қатысты түсіндірмелер тұрақты жарияланып отырады.
Сонымен қатар, департамент мамандары күн сайын азаматтарды қабылдайды, кеңес береді. Қабылдау ашық түрде, алдын ала жазылусыз жүргізіледі. Яғни, азамат қандай да бір сұрағы болса, департаментке жүгініп, қажетті түсіндірме ала алады. Цифрландыру азаматты жүйеден алыстатпауы керек. Керісінше, жүйе азаматқа жақындай түсуі тиіс. Сондықтан, түсіндіру жұмыстары, кері байланыс, мамандардың ашық қабылдауы маңызды.

– Үшінші бағыт – әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау. Бұл бөлім нақты немен айналысады?

– Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласына бақылау жүргізеді. Яғни, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тексеріледі.
Екіншіден, осындай ұйымдарға лицензия беру мәселелері қаралады. Үшіншіден, халықтың осал топтары үшін қолжетімді орта талаптарының сақталуы бақыланады. Мысалы, пандус, кіреберіс, қозғалысқа ыңғайлы жағдайлар стандартқа сай болуы керек.
Былтыр осы бағытта 75 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 172 заңбұзушылық анықталып, заңды тұлғаларға 21 әкімшілік айыппұл салынды. Бюджетке 5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.

– 1 шілдеден бастап техникалық оңалту құралдарын беруге қатысты жаңа жоба іске қосылды. Оның ерекшелігі неде?

– Иә, бұл салада 1 шілдеден бастап өзгерістер бар. Мүгедектігі бар адамдарға арналған техникалық құралдарды беру тәртібіне қатысты жаңа жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында іске қосылды. Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша мүгедектігі бар адамдарға кресло-арба, таяқ, балдақ сияқты құралдар тегін беріледі. Бірақ оларды жөндеу жүргізілмейді, ал, ауыстыру белгіленген пайдалану мерзімі өткеннен кейін ғана жасалады.
Жаңа жоба бойынша кейбір техникалық құралдар уақытша тегін пайдалануға беріледі. Бұл қайта пайдалануға жарамды, санитарлық тазалаудан өткізуге болатын құралдарға қатысты. Атап айтқанда, кресло-арбалар және жүріп-тұруға арналған өзге де құралдар жобаға енгізілген. Ал, жеке гигиеналық құралдар бұл жобаға кірмейді.
Жобаның мәні мынада: азаматтың денсаулық жағдайы өзгеруі мүмкін. Мысалы, бұрын кресло-арба қажет болған адамға кейін басқа құрал керек болуы ықтимал немесе керісінше, арбаға қажеттілік жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда құрал мемлекетке қайтарылып, жөндеуден және санитарлық өңдеуден өтіп, басқа адамның қажетіне беріледі.
Егер құрал жарамсыз деп танылса, пайдалану мерзімі өтпесе де, жаңасы беріледі. Жалпы, пилоттық жобаға 40-тан астам техникалық құрал түрі енгізілген. Күні кеше, осы бағыттағы орталықтың ашылуы өтті.

– Жалпы, әлеуметтік саланы цифрландыру қарапайым азамат үшін қандай нәтиже берді деп ойлайсыз?

– Ең басты нәтиже – қағазбас­тылық азайды. Азаматтың мекеме жағалап, анықтама жинауы, құжат көшірмесін жасатуы, кезекте тұруы азайды. Ақпараттық жүйелер қажетті деректерді өзара алмасады. Проактивті қызметтер арқылы азамат өзінің белгілі бір төлемге құқығы бар екенін дер кезінде біледі.
Тағы бір айтарлығы – ашықтық. Цифрландыру тағайындау процесіндегі адами факторды қысқартады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік қызметтің сапасын арттырады.
Әрине, кез келген жүйеде түсіндіру жұмысы қатар жүруі керек. Азамат өзіне тиесілі төлемді қалай алатынын, қандай жағдайда бас тартылуы мүмкін екенін, деректерде қате болса қайда жүгіну керегін білуі тиіс. Сондықтан, біз үшін цифрландырудың мақсаты – тек жүйені жаңарту емес, азаматқа қолайлы, түсінікті әрі әділ қызмет көрсету.

– Әлеуметтік қолдау жүйесінде ең басты қағида қандай болуы керек?

– Ең басты қағида – заңдылық, әділдік және қолжетімділік. Әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж азаматқа жетуі тиіс. Мемлекеттік қолдау уақытылы, ашық және түсінікті көрсетілуі қажет. Цифр­лық жүйе осы мақсатқа қызмет етуі керек. Егер құжатта немесе ақпараттық жүйеде сәйкессіздік болса, оны түзету жолы түсінікті болуы қажет. Мемлекет үшін де, азамат үшін де ең маңыздысы – сенім. Ал, сенім ашықтық пен нақты жұмыс арқылы қалыптасады.

– Уақыт тауып, кең ауқымды сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button