Бас тақырыпЖаңалықтар

Бұқар жырау ауданындағы үш ауылдық клуб жаңарды

Бұқар жырау ауданындағы Қушоқы кенті, Төрткөл және Ақбел ауылдарындағы мәдениет үйлері жөндеуден өтіп, тұрғындарға қайта есігін ашты. Жаңарған нысандарда концерттер, мәдени шаралар және түрлі шығармашылық үйірмелер өткізіле бастады.

Суреттер gov.kz

Қушоқыдағы мәдениет үйі 1970 жылы салынған. Ғимаратта көрермендер мен би залдары, электр желісі және шатыр жаңартылған. Биыл спорт залы, фойе, дәліздер мен санитарлық бөлмелер жөнделіп, жылу жүйесінің бір бөлігі ауыстырылды. Қазір мұнда вокал, би және басқа да шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді.

Төрткөл ауылындағы клубта домбыра, би, вокал және сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері бар. Жөндеу барысында фойе, гардероб пен көрермендер залы жаңартылып, сахна ретке келтірілді. Электр және жылу жүйелерінің бір бөлігі ауыстырылып, ғимаратқа алғаш рет ішкі санитарлық торап орнатылды.

Ақбел ауылындағы мәдениет үйінде көрермендер залы мен фойе жөнделіп, электр желісі толық жаңартылды. Аспалы төбе орнатылып, жылу жүйесінің бір бөлігі ауыстырылды. Бұған дейін ғимараттың шатыры да жаңартылған.

Ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қалидың айтуынша, жаңартылған нысандар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді.

Қазір Бұқар жырау ауданында 202 клубтық құрылым жұмыс істейді. Оның 123-і көркемөнерпаздар үйірмесі болса, оларға шамамен 1,5 мың адам қатысады. Жыл сайын ауданның мәдениет мекемелерінде үш мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған шамамен 140 мың тұрғын қатысады.

Ауданда мәдениет нысандарын жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар Петровка ауылында жаңа мәдениет нысанын салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button