Сағынышқа толы жүздесу

Жылдар өтсе де, жүректерде
із қалған,
Мектеп деген – мәңгі ыстық
бір арман.
Сыныптастар бүгін қайта
қауышып,
Еске алып, балғын шақты
тамсанған.
Осынау жүрекке жылы шумақтар Қазгородок қазақ орта мектебінің 1966 жылғы түлектерінің 60 жылдық мерейтойлық кездесуінің мәні мен маңызын айқын бейнелеп тұрғандай. Арада 60 жыл өтсе де, уақыт пен қашықтыққа қарамай бас қосқан түлектер туған мектептің табалдырығын тағы бір мәрте аттап, балдәурен балалық шаққа ойша сапар шекті.
Көптен күткен кездесу ерекше жылы әрі тағылымды жағдайда өтті. Сыныптастар мектептегі қызықты сәттерді еске алып, өмір жолындағы жетістіктерімен бөлісті. Әрқайсысы өзін үлкен өмірге қанаттандырған туған мектебіне және ұстаздарына шынайы алғысын білдірді.
Мектеп жылдары – достықтың, ұстаз тәлімінің, өмірлік маңызды сабақтардың бастауы. Дәл осы білім ордасында олардың бойына білімге құштарлық, еңбекқорлық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттері дарыды. Соның нәтижесінде түлектердің әрқайсысы өмірден орнын тауып, түрлі мамандық иесі атанып, отбасын құрып, ел мен туған өлкенің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, мұның бәрі ең алдымен ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Алғашқы ұстаздары Сәну Көшмағамбетова бірінші сыныпта партаға отырғызып, әліппенің бетін ашып, қолдарына қалам ұстатса, 11 сыныпқа дейін сынып жетекшісі болған Кәрімтай Сәлімжанов шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, өмірлік жолын айқындауға зор үлес қосты. Ұстаздардың даналығы, қамқорлығы мен өз ісіне деген адалдығы көптеген түлектің елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуына негіз болды.
Кездесу барысында соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде еңбек еткен, бүгінде өмірден өткен ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілді. Солардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің үш мәрте иегері, ардақты ұстаз Мұташ Сүлейменов есімі зор ілтипатпен аталды.
Сонымен бірге, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкерлері болған ұстаздар Баймағамбет Мамраев, Мылтықбай Аскеев, Шорман Қалиев, Болат Әбдірахманов, Имантай Жұмаділдінов, Үкіжан Хасенов, Асығат Шалқарбаев, Зүбайра Жолдасбекова, Жамиля Естекбаева сынды ардагер педагогтердің еңбегі де зор ризашылықпен еске алынды.
Соғыстың ауыртпалығын бастан өткерген бұл ұстаздар бейбіт өмірде де бар күш-жігерін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады. Мамандықтарына адал болып, шәкірттерінің бойына Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық пен адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіре білді.
Кездесуде мектеп өміріндегі қызықты оқиғалар айтылып, ұстаздар мен сыныптастар сағынышпен еске алынды. Түлектер өздерінің өмір жолы мен еңбек жолындағы жетістіктері, отбасылары туралы әңгімелесті. Сақталған ескі суреттер мен құжаттар балалық пен жастық шақтың ұмытылмас естеліктерін қайта жаңғыртты.
Алайда, уақыт өз дегенін алады. Бүгінде көптеген ұстаздар мен сыныптастар арамызда жоқ. Кездесуге жиналғандар олардың жарқын бейнесін, адамгершілік қасиеттері мен жасаған жақсылықтарын құрметпен еске алып, рухтарына тағзым етті.
Олар – Қуат Албатыров, Қайрат Каппаров, Серік Сакишов, Құдайберген Жұмабеков, Берлібай Ұлжанов, Жақан Жұмабаев, Шалабай Кәрібаев, Зекітай Құрманбеков, Керімбай Шалғымбаев, Еркін Мұқашов, Тұрсын Созақбаев, Құрақбай Әмірбеков, Шеке Садуақасов, Дәулет Құтжанов, Ералы Әбдікешов, Өсия Сейтмағамбетова, Зейнеп Мұқатаева, Зейнеп Әубәкірова, Рымкеш Ошақбаева.
Тағылымды кездесу шынайы достықтың, ұстазға деген құрметтің, туған мектепке деген сүйіспеншіліктің уақытқа бағынбайтын асыл құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай кездесулер ұрпақ сабақтастығын жалғап, өткенге тағзым жасаудың жарқын үлгісі болып қала береді.
Кездесу соңында түлектер бір-біріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық, бақ-береке тілеп, келесі мерейтойлық кездесуде тағы да жүздесуге уағдаласты.
Төлеген ОРАЗБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы,
еңбек ардагері



