Азияны мойындатқан Альбина
Қарағандылық Альбина Қайырбекова он екі жасында құрлықты мойындатты. Ол шахматтан Орталық және Солтүстік Азия жасөспірімдер чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Чемпионат Қырғызстанның Ыстықкөл жағасында өтті. Құрлықтық додаға Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресейден шахматшылар қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 749-ға жетті. Барлығы да – өз елінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар.
Қатысушылар классикалық шахмат, рапид және блиц түрлері бойынша бақтары мен баптарын сынады. Альбина Қайырбекова 14 жасқа дейінгі қыздар (G14 санаты) арасында блицтен үздік нәтиже көрсетіп, Орталық және Солтүстік Азия чемпионы атанды.
Ал, қазақстандық шахматшылар халықаралық турнирде табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 33 медаль қанжығалады. Оның 13-і – алтын.
Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, чемпионат қорытындылары еліміздің үздік жас шахматшыларын қолдау бағдарламасы аясында есепке алынады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



