Әлеуетті нарыққа әділ бәсеке керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын жаңғыртудағы негізгі басымдықтың бірі ретінде әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруды, монополияны қысқартуды және кәсіпкерлікке тең мүмкіндік беруді үнемі назарда ұстап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі – нарықтағы жасанды кедергілерді жою, адал кәсіпкерлікті қолдау және тұтынушылардың мүддесін қорғау. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде де жүйелі жалғасып келеді. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті де биылғы бірінші жартыжылдықта бірқатар маңызды тергеп-тексерулер жүргізіп, бәсекелестікке қарсы әрекеттердің жолын кесуге бағытталған нақты шаралар қабылдаған.

Дерекке сүйенсек, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және нарық субъектілерінің қызметіне талдау жүргізіліп, заң бұзушылықтардың алдын алуға басымдық берілген. Бұл туралы агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шолпан Жұматаева мәлімдеді.
– Көпшілік монополияға қарсы органды баға белгілейтін немесе бағаны реттейтін құрылым деп қабылдайды. Алайда, бұл дұрыс түсінік емес. Бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Біздің міндетіміз – нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауын бақылау және заң бұзылған жағдайда тиісті ықпал ету шараларын қабылдау. Яғни, жұмысымыздың түпкі мақсаты – нарықтағы әділ бәсекені қамтамасыз ету, – деді Шолпан Бекайдарқызы.
Департамент жұмысының негізгі бағытының бірі – бәсекелестікті қорғау. Бұл бағыттағы маңызды құралдың тиімдісі – тергеп-тексеру жүргізу.
Биыл аяқталған істердің бірі – «АрмСтрой» ЖШС мен «Райс KZ» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеру. Аталған іс 2024 жылдың желтоқсанында аяқталғанымен, оған қатысты сот процестері биыл қорытындыланды.
Тергеп-тексеруге Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өткізген сатып алуларға қатысушылардың әрекеттерінде келісілген іс-қимыл белгілері бар екендігі туралы хаты негіз болған.
Департамент мамандары мемлекеттік сатып алулар барысында екі компанияның үнемі жұптасып қатысқанын анықтады. Әр конкурсқа бір ғана бір-біріне қарсы бәсекелес ретінде қатысып отырған. Сонымен бірге, өтінімдер бір күнде және қысқа уақыт аралығында тапсырылған. Бір компания небәрі 1-5 пайыз көлемінде жеңілдік ұсынса, екіншісі мүлдем жеңілдік бермеген.
Тексеру нәтижесінде екі серіктестікке қатысты тиісті ықпал ету шаралары қабылданды. «Райс KZ» ЖШС департаменттің нұсқамасын орындаса, «АрмСтрой» ЖШС сотқа жүгінген. Алайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар департамент әрекетінің заңдылығын толық растады.
Сонымен қатар, Қарағанды қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының 2026 жылғы 8 маусымдағы Қаулысымен «АрмСтрой» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компанияға заңсыз табыстың үш пайызы мөлшерінде айыппұл салынып, заңсыз алынған қаражат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қазір сот қаулысына шағым түсіріліп, іс жоғары сатыда қаралып жатыр.
Департамент жүргізіп жатқан тағы бір маңызды тергеп-тексеру Теміртау қаласындағы жерлеу қызметтері нарығына қатысты.
Азамат В.Степоваяның өтініші негізінде жүргізілген талдау барысында жергілікті атқарушы органның нарық субъектілеріне тең жағдай жасамағаны анықталған. Атап айтқанда, жалға алу шарты аясында қызмет көрсетіп отырған «Темирлан ARS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы өзге ритуалдық қызмет көрсетушілердің зират инфрақұрылымына қол жеткізуіне шектеулер қойылған.
Осыған байланысты, департамент Теміртау қаласы әкімінің аппаратына заң бұзушылық белгілерін жою туралы хабарлама жолдап, жалдау шарттарына барлық кәсіпкерлерге тең қолжетімділік беретін өзгерістер енгізуді ұсынған. Десе де, заңда белгіленген мерзімде талап орындалмағандықтан, қазіргі уақытта әкімдікке қатысты ресми тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
– Біздің ұстанымымыз – алдымен заң бұзушылықтың алдын алу. Сондықтан, тергеп-тексеруге дейін нарық субъектілеріне немесе мемлекеттік органдарға хабарлама жолдаймыз. Заң талаптарын өз еркімен түзетуге мүмкіндік береміз. Егер хабарлама уақытында орындалса, мәселе сотқа немесе тергеуге дейін жеткізілмейді. Бұл – мемлекет пен бизнестің өзара сеніміне негізделген тәсіл, – деді Шолпан Жұматаева.
Жыл басынан бері департамент үш хабарлама шығарған. Оның ішінде, «Жанатас KZ» ЖШС көлік инфрақұрылымы нысандарының коммерциялық алаңдарына қол жеткізу кезінде үстем жағдайын теріс пайдалану белгілері бойынша берілген хабарламаны толық орындаған.
Ал, «DOS S.S.S.» ЖШС-не бірдей жағдайда тұрған тұтынушыларға әртүрлі шарттар мен бағалар қолдану белгілері бойынша хабарлама жолданған. Оның орындалу мерзімі әзірге аяқталған жоқ.
Үшінші хабарлама Теміртау қаласы әкімінің аппаратына жолданып, әлеуметтік маңызы бар қызметтер нарығына қолжетімділікті шектеу мәселесіне қатысты берілген.
Департамент мемлекеттік сектордың кәсіпкерлік қызметке қатысуына да тұрақты мониторинг жүргізеді. Өйткені, Президент мемлекеттік қатысуды қысқартып, жеке бизнестің мүмкіндігін кеңейту жөнінде нақты міндет қойған.
Биыл облыста квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты 49 мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 35 нұсқама енгізіліп, қазіргі уақытта олардың үшеуі орындалған. Қалған 32 нұсқаманың орындалу мерзімі әлі аяқталмаған.
Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметі Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабымен және Үкіметтің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1095 Қаулысымен бекітілген қызмет түрлерінің тізбесімен реттеледі. Сондықтан, департамент мемлекеттік құрылымдардың осы талаптарды сақтауына да ерекше назар аударады.
Өңірде бәсекелестікті дамыту бағытындағы тағы бір маңызды алаң – департамент жанындағы кедергілер жөніндегі кеңес.
Бұл кеңеске кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері қатысады. Кеңестің негізгі міндеті – нарыққа кіруге кедергі келтіретін әкімшілік және реттеушілік тосқауылдарды анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
Кеңестің ұсынымдары кейін агенттікке жолданып, республикалық деңгейде қалыптастырылатын тосқауылдар картасына енгізіледі. Сондай-ақ, олар Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны жетілдіру барысында пайдаланылады.
Теміртау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ерболат Ерболұлының айтуынша, мұндай жұмыстар бизнестің ашық дамуына оң әсер етеді.
– Кәсіпкер үшін ең маңыздысы – талаптың бәріне бірдей қойылуы. Егер біреу артықшылық алып, біреу шеттетілсе, әділ бәсеке болмайды. Сондықтан, мұндай бақылау ең алдымен адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қажет деп ойлаймын, – дейді ол.
Брифинг барысында департамент өкілдері бизнес қауымдастығын ашық диалогқа шақырып, кедергілер жөніндегі кеңестің жұмысына қатысуға үндеді.
– Әділ бәсекелестік – экономиканың тұрақты дамуының басты шарты. Біз үшін әрбір кәсіпкердің нарыққа тең мүмкіндікпен шығуы маңызды. Сол себепті, департамент алдағы уақытта да заңдылық, ашықтық және әріптестік қағидаттарына сүйене отырып жұмысын жалғастырады. Басты мақсат – заң талаптарының сақталуына жағдай жасап, аймақта бәсекелестіктің тиімді дамуына ықпал ету, – деп қорытындылады Шолпан Жұматаева.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



