БалқашАймақБас тақырып

Балқашта көпбалалы аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградасы табысталды

Шағын шаһарда көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Президент Жарлығына сәйкес алты бала тәрбиелеп отырған аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградасы табысталды. Марапаттарды Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова табыстап, алтын құрсақты аналарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол көпбалалы аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп,  шаңырақтарға амандық, зор денсаулық пен мол табыс тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кездесу барысында Саягүл Жақсылыққызы мемлекет тарапынан ана мен баланы қорғауға бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын айтып, әйел-аналарға деген құрметтің ешқашан кемімейтінін жеткізді.

– Азаттық алған жылдарда демографиялық саясатқа айрықша басымдық берілді. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионнан асып отыр. Ана мен баланы қорғау мақсатында да мемлекет тарапынан көптеген жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс ешқашан тоқтамақ емес, – деді қала әкімінің орынбасары.

Бұл күні «Күміс алқа» иегерлері қатарын Амандық Бейсеекева, Айнұр Ерубаева, Ұлпан Әлішерова және Гүлнұр Ғалымзадақызы толықтырды. Мемлекеттік наградаға ие болған аналардың әрқайсысы – ұрпақ тәрбиесін өмірінің басты мұратына айналдырып, отбасының берекесін келтіріп отырған жандар. Солардың бірі – жеті баланың анасы Амандық Бейсеекева. Ол бүгінде төрт ұл мен үш қыз тәрбиелеп отыр. Биыл «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы ана алдағы жылы кенже перзенті бір жасқа толған соң «Алтын алқа» иеленуді мақсат етіп отырғанын айтты.

– Бүгін мен үшін ерекше қуанышты күн. Бұл марапат – тек менің ғана емес, бүкіл отбасымыздың қуанышы. Балаларым – өмірімнің мәні, ең үлкен байлығым. Қазір төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Биыл «Күміс алқа» алып жатырмын, ал келесі жылы кенже балам бір жасқа толғанда «Алтын алқа» алуға келемін деген ниетім бар. Мемлекеттің аналарға көрсетіп отырған қамқорлығы мен қолдауына ризамын, – дейді көпбалалы ана.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button