Қарағандыда «Мөлдір бұлақ» акциясы өтеді
Қазақстанда су ресурстарын қорғау және табиғи нысандарды сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Су ресурстары және ирригация министрлігі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын өткізуді жалғастырып жатыр. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – бұлақтар мен су нысандарын тазарту, олардың айналасын абаттандыру және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру.

11 шілде күні акцияның екінші кезеңі еліміздің 12 өңірінде ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Екінші кезең барысында 58 бұлақ пен 33 су нысанын тазарту жоспарланып отыр. Іс-шараларға 10 мыңнан астам адамның қатысуы күтілуде. Олардың қатарында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және еріктілер бар.
Акцияның алғашқы кезеңі де нәтижелі өтті. Оның аясында 36 бұлақ пен 27 су нысаны тазартылып, жұмыстарға 12,5 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында 900-ден астам ерікті табиғатты қорғау шараларына белсенді атсалысты.
Қарағанды облысында да «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында маңызды жұмыстар атқарылмақ. Өңірде Осакаров, Бұқар жырау және Абай аудандарындағы үш бұлақты тазалау және абаттандыру жоспарланған. Акцияның негізгі шарасы Абай ауданындағы «Жартас бұлақ» аумағында өтеді. Оған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев қатысады.
Жалпы Қарағанды облысындағы экологиялық акцияға 1500 адам қатысады. Олардың қатарында бес ақсақал да бар. Бұл шара ұрпақ сабақтастығын сақтап, табиғатты қорғау ісіне қоғамның барлық буынын жұмылдыруды көздейді.
«Мөлдір бұлақ» акциясының алғашқы кезеңі 2026 жылғы 23 наурызда басталып, еліміздің оңтүстік өңірлерін қамтыды. Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстары, Жетісу облысы және Шымкент қаласында 30 бұлақ пен 19 су нысаны тазартылды. Бұл жұмыстарға 9 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 700-ден астам ерікті қатысты.
Сонымен қатар «Болашақтың қайнары» еріктілер тобы 5 бұлақ пен 6 су нысанының жағалау аумағын тазалап, табиғатты қорғау жұмыстарына өз үлесін қосты. Бұл шараларға негізінен жастардан құралған 3 мыңнан астам адам қатысты.
Экологиялық акциялар еліміздің түрлі өңірлерінде жалғасып келеді. Мәселен, Қостанай облысында еріктілер мен колледж оқытушылары өзендер мен су айдындарының жағалауларын тазалау жұмыстарын жүргізді. Тобыл өзенінің жағалауы, Қостанай қаласындағы Триатлон-парк және Арқалық қаласының орталық саябағы абаттандырылды. Іс-шараға 200-ден астам ерікті қатысты.
Ақтөбе су қоймасында өткен тазалық шарасы барысында жағалау аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, 2 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелердің, экологиялық ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Сондай-ақ мамыр айында Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы ұйымдастырған акция кезінде Алма-Арасан шатқалындағы бұлақтардың бірі тазартылды. Шараға 50-ден астам адам, оның ішінде «Алматы су» кәсіпорнының қызметкерлері мен «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері қатысты.
Қарағанды облысында да «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында маңызды жұмыстар атқарылмақ. Өңірде Осакаров, Бұқар жырау және Абай аудандарындағы үш бұлақты тазалау және абаттандыру жоспарланған. Акцияның негізгі шарасы Абай ауданындағы «Жартас бұлақ» аумағында өтеді. Оған облыс әкімі Е.К. Бөлекбаевтың қатысуы күтілуде.
Жалпы Қарағанды облысындағы экологиялық акцияға 1500 адам қатысады. Олардың қатарында бес ақсақал да бар. Бұл шара ұрпақ сабақтастығын сақтап, табиғатты қорғау ісіне қоғамның барлық буынын жұмылдыруды көздейді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



