«Судың да сұрауы бар»
Су – стратегиялық ресурс, ал, оны ұтымды пайдалану мен қорғау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Климаттың өзгеруі, су тапшылығының анағұрлым артуы және экологиялық қауіпсіздік мәселелері жағдайында су қорларын тиімді басқарудың маңызы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда «Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі маңызды міндеттерді атқарып келеді.

Инспекция Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарының аумағында су қорын пайдалану мен қорғау саласында бақылау, қадағалау және іске асыру ісін жүзеге асырады. Мекеменің негізгі міндеті – су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету, су заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ, су қатынастары субъектілерінің қызметін үйлестіру. Инспекторлар тарапынан гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мен су қорғау аймақтары және су қорғау белдеулеріндегі шаруашылық қызмет режимінің сақталуына ерекше назар аударылады. Су заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында Инспекция халық пен су пайдаланушылар арасында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді, жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен өзара жұмыс жасайды. Су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану мәселелерін талқылау үшін бассейндік кеңестердің отырыстары, жұмыс кездесулері тұрақты түрде өткізіледі.
Заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда Инспекция заңнамада белгіленген тәртіппен ден қою шараларын қабылдауға, материалдарды құқық қорғау органдарына және сотқа жолдауға, әрі су заңнамасының бұзылуы салдарынан мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы талап қоюға құқылы. Аталған қызметтің негізгі мақсаты – су ресурстарын ұтымды пайдалану, су тұтыну көлемін қысқарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктемені азайту.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің заңсыз су пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау және «судың қара нарығының» жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2026 жылдың 14-15 мамыр күндері Инспекцияның Ұлытау облысы бойынша су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану бөлімі «Қазсушар» РМК «Ұлытау» филиалының, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің және Ұлытау облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп мемлекеттік бақылау (рейдтік) іс-шараларын өткізді. 2026 жылдың басынан 19 маусымға дейін мемлекеттік органдарда, шаруашылық жүргізуші субъектілерде және жеке кәсіпкерлік субъектілерінде су қорын пайдалану және қорғау, сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына қатысты 19 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде шаруашылық жүргізуші субъектілер тарапынан заңсыз су пайдаланудың 6 фактісі анықталды.
Инспекция жастардың экологиялық тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Ұлытау облысында Жезқазған политехникалық колледжінің студенттерімен «Су ресурстарын ұтымды пайдалану және Инспекция қызметі» тақырыбында кездесу өткізіледі. Сонымен қатар, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылып, қатысушылар Инспекцияның қызметі, негізгі міндеттері, өкілеттіктері және су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен таныстырады. Ақпараттық-түсіндіру амалдары халық пен су пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, су ресурстарын пайдалануға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Облыста су ресурстарын сақтау, су нысандарын қорғау және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы су қорғау аймақтары, су қорғау белдеулері және жағалаудағы қорғаныш белдеулері туралы кеңістіктік деректерді Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесінде тіркеу жұмыстарын аяқтады. Бұл оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелерде одан әрі есепке алуға және көрсетуге, сондай-ақ, су заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жергілікті атқарушы органдар су объектілерін қалпына келтіруге және олардың экологиялық жай-күйін жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруда. Қорытындылай келе, Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясының қызметі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды, су заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді, құқық бұзушылықтардың алдын алуды, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды және табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруды қамтиды. Су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану – қазіргі заманның маңызды міндеттерінің бірінен. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірлердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, табиғи байлықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа аман жеткізуге негіз болады.
Ерғали ҮМБЕТБАЕВ,
Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясының басшысы



