Қарағанды облысы Словакиямен өнеркәсіп және білім саласындағы әріптестікті күшейтеді
Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі өнеркәсіп, инвестициялар, инновациялар және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті. Қарағанды облысы делегациясының Словакияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша үш келісімге қол қойылды.

Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшілігінің қолдауымен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған өңір делегациясы Словакия Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапардың басты мақсаты – Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесімен өнеркәсіп, инвестициялар, технологиялар трансфері және инновациялар салаларындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту.

Банска-Бистрица өлкесінің төрағасы Ондрей Люнтермен

және Словакия Республикасы Президенті кеңсесінің өңірлік бөлімшесінің басшысы Михал Фричпен өткен келіссөздер барысында тараптар өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру, жастар алмасуы және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың келешегін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде Ондрей Люнтердің словак бизнес-делегациясын бастап, 2027 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысына сапармен келуі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Матей Бел университетінде, Зволен техникалық университетінде және Словакияның Мемлекеттік ғылыми кітапханасында кездесулер өткізді. Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді бастау, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, сондай-ақ халықаралық білім беру және мәдени бағдарламаларға қатысу мәселелерін талқылады.

Сапар бағдарламасының негізгі оқиғасы екі өңірдің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан – Словакия бизнес-форумы болды. Форум қатысушыларына Банска-Бистрица өлкесінің төрағасы Ондрей Люнтер, Словакия Республикасы Президенті кеңсесінің өңірлік бөлімшесінің басшысы Михал Фрич және Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағынова құттықтау сөз сөйледі. Олар экономикалардың өзара толықтырушы сипаты мен тараптардың бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігі екіжақты ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін айқындайтынын атап өтті.

Форум барысында Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өлкесінің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Қазақстандық және словактық 30-дан астам компания қатысқан B2B және B2G форматындағы кездесулер ерекше қызығушылық тудырды. Бизнес өкілдері бірлескен жобаларды жүзеге асыру, технологиялық ынтымақтастық және жаңа нарықтарға шығу перспективаларын талқылады.

Сапардың практикалық қорытындысы ретінде үш құжатқа қол қойылды. Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту жөніндегі ниеттер туралы мәлімдемеге қол қойып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жоспарларын бекітті.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Бистрица өлкесінің Өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасы кәсіпкерлікті қолдауға, іскерлік байланыстарды дамытуға және екі өңір компаниялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Сапардың тағы бір маңызды нәтижесі – академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Матей Бел университеті арасында қол қойылған келісім. Бұл құжат бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сапардың екінші күні делегация Банска-Бистрица өлкесінің жетекші кәсіпорындарында болып, өнеркәсіп, көлік және энергетика салаларында қолданылып жатқан заманауи технологиялармен және инновациялық шешімдермен танысты.

Кездесу Қазақстан мен Словакияның өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, экономика, ғылым және білім беру салаларындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асырудың берік негізін қалады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



