Жақсылық пен қуанышқа толы сапар
Кейде бір сапардың өзі бірнеше қуанышты қатар сыйлайды. Биылғы маусым айындағы Алматы мен Қырғызстанға жасаған сапарым дәл сондай есте қаларлық болды. Бұл жол мен үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билетін алудан басталып, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы Мұрат Әуезовтің рухына арналған халықаралық іс-шараларға ұласты.

Алдымен, көптен күткен қуанышқа кенелдім. 2022 жылы жарық көрген «Бір кездері Америкада» атты аударма кітабымнан кейін әріптестерімнің қолдауымен тапсырылған құжаттар төрт жылдан соң нәтижесін беріп, Қазақстан Жазушылар одағына аудармашы ретінде қабылдандым. Бұл жолда теміртаулық ақын-жазушы Руза Алдашева мен қоғам қайраткері, журналист Қайырбек Сәдуақасовтың ұсынымы үлкен демеу болды.
Кейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билетін қолыма алып, қуанышымды Алматыдағы М.Әуезов атындағы кітапхана ұжымымен бөлістім. Кітапхана директоры Балнұр Асқарқызы мені бірнеше күннен кейін өтетін Мұрат Әуезовті еске алу жиынына шақырды. Осылайша, менің сапарым жаңа мазмұнға ие болды.
Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, дипломат, публицист Мұрат Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымды дөңгелек үстел өтті. Басқосуды ғалымның қызы Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова мен М.Әуезов үй-мұражайының директоры Диар Қонаев жүргізді.
Жиынды Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев пен Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Мейрам Бектембаев ашып, Мұрат Әуезовтің ұлттық мәдениет пен қоғамдық ой тарихындағы орнына тоқталды.
Кездесуде әр жылдары бірге қызмет еткен зиялы қауым өкілдері естеліктерімен бөлісті. Жазушы Смағұл Елубай Мұрат Әуезовтің 1975 жылғы Қазақстан Жазушылар одағы пленумында ашаршылық тақырыбы жөнінде айтқан батыл сөзі өзіне де, Төлен Әбдікке де ерекше серпін бергенін айтып, ол туралы деректі фильм түсіру жөнінде ұсыныс білдірді.
Марат Сембин, Нұрдәулет Ақыш, Бақытжан Қанапиянов, Асылбек Қожахметов, Светлана Ананьева, Дина Қайымқызы, Қайрат Жаңабаев, Исмаилжан Иминов және басқа да зиялы қауым өкілдері Мұрат Әуезовтің азаматтық тұлғасы туралы жүрекжарды пікірін айтты. Философ Игорь Крупко оның рухани мұрасы мәңгі жасайтынына тоқталса, синолог Мансұр Молдақұлов Мұрат Әуезовтің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандастардың тарихи Отанына оралуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Зифа-Алуа Әуезова әкесінің Қырғызстанға деген ықыласы мен Ыстықкөлге жасаған сапарлары жөнінде сыр шертті.
Дөңгелек үстелде айтылған бір жаңалық мен үшін күтпеген сый болды. Мұрат Әуезовті еске алу шаралары Қырғызстанның Шолпан-Атасындағы Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайында жалғасатыны нақтыланып, мен де сол сапарға қатысу бақытына ие болдым.
Алматыдағы Орталық зиратта Мұхтар және Мұрат Әуезовтердің рухына Құран бағышталған соң, делегация Райымбек көшесінен туристік автобуспен жолға шықты. Қордай асуын асып, шекаралық рәсімдерден өткеннен кейін кешкісін Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласындағы «Gold Assen» қонақүйіне орналастық. Жол бойы әдебиет пен өнер туралы әңгімелер айтылып, ән шырқалды. Жамбылдың шөбересі Бұланның өнері, Ерболат, Айсұлу және Айжан Жұмаділдің көтеріңкі көңіл күйі ұзақ жолдың шаршауын білдірмеді.
Келесі күні Мұхтар Әуезов музей-үйінің аумағында Ыстықкөл халықаралық форумы аясында Мұрат Әуезов бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Жиынды ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев жүргізді.
Салтанатта Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ директоры Дүйсен Қасейінов, Зифа-Алуа Әуезова, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, Қырғызстанның Мәдениет министрі Мирбек Мамбеталиев сөз сөйледі. Форумның құрметті қонақтарының қатарында Қытайдың Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь да болды.
Бауыржан Омарұлы қазақ пен қырғыздың тарихи тамырластығына тоқталып, Мағжан Жұмабаевтың «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деген қанатты сөзін еске салды. Қарағандылық абайтанушы Марат Азбанбаев Қарағанды қаласы әкімінің құттықтауын жеткізіп, Мұрат Әуезовке арналған «Қасым» журналының жаңа санын таныстырды. Бюст авторы – белгілі қырғыз мүсіншісі Тамила Маматова.
Форум аясындағы дөңгелек үстелде Зифа-Алуа Әуезова мен Диар Қонаев модераторлық етіп, Мұрат Әуезовтің түркі дүниесіндегі орны мен ғылыми мұрасы кеңінен сөз болды. Соңында әкесінің рухына бағыштап ас берілді.
Сапар барысында Құрманжан датқа атындағы «Тамшы» көшпенділер өркениеті музейін аралап, қазақ пен қырғыздың ортақ тарихи-мәдени мұрасымен таныстық. Ал, «Ыр толқыған Ыстықкөл» поэзия кешінде Қалдыгүл Жаныбаева мен Манат Бообекова құрастырған қазақ ақындарының қырғыз тіліндегі жаңа жинағы таныстырылды. Ыстықкөлдегі «Әділет» теплоходында өткен әдеби кеш пен қырғыз ақындарының қонақжайлығы екі халықтың рухани жақындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай тағылымды сапардың жүзеге асуына ұйытқы болған публицист, кинопродюсер, «Көшпенділер эстетикасы» бастамашыл тобының мүшесі Қалдыгүл Жаныбаеваның еңбегі ерекше. Сондай-ақ, Шолпан-Атадағы Мұхтар Әуезовтің үй-мұражай-кітапханасының шырақшысы Саламат Табишеваның ұлттық мұраны сақтаудағы еңбегі де зор құрметке лайық.
Бұл сапар маған екі елдің арасын жалғап тұрған рухани көпірдің қаншалықты берік екенін тағы бір мәрте сезіндірді. Мұрат Әуезовтің өмірі мен мұрасы – қазаққа ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ қазына. Ал, сол мұраны ұлықтауға арналған осындай кездесулер мен форумдар халықтар достығын бекемдеп, ортақ рухани кеңістікті байыта түсетіні сөзсіз.
Рымбала СМАИЛОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Суретте: автор халықаралық «Түрксой» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен.



