Бас тақырыпРесми

ОСК қазақстандықтарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды

Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында азаматтарға сайлаушылар тізімінен өздерін қалай тексеруге болатынын түсіндіріп, қазақстандықтарды азаматтық жауапкершілік танытып, конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға шақырды.

Сурет ОСК

Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында сайлаушыларға арнайы үндеу жарияланды.

– 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сіздерді азаматтық жауапкершілік танытып, еліміздің одан әрі дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын айшықтайтын тарихи оқиғаның қатысушысы болуға, өздеріңіздің конституциялық құқықтарыңызды жүзеге асыруға шақырамыз. Сайлауға қатысуға арналған конституциялық құқығыңыздың кепілі – Құрылтай депутаттарын сайлау құқығына ие сайлаушылардың тізіміне енгізілуіңіз, – делінген үндеуде.

ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі негізінде жасақтайды. 16 шілдеге дейін сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссиялары туралы мәліметтер жарияланады.

Азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін алдын ала тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға жүгіну арқылы тексере алады.

– Егер сіздің атыңыз сайлаушылар тізімінде болмаса, тиісті өтінішпен әкімдікке жүгінуге құқығыңыз бар. Сонымен қатар жазғы демалыс кезеңін ескере отырып, өзіңіз тұратын елді мекеннен тыс жерде дауыс беру үшін есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған, – деп түсіндірді ОСК.

Ал 7 тамыздан бастап азаматтар тікелей учаскелік сайлау комиссияларына жүгіне алады.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекітті.

Партиялық тізімдерді ұсыну 2 шілдеде басталып, 13 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Одан кейін партиялық тізімдерді тіркеуге он күн беріледі.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, бір ай бойы жалғасады.

22 тамыз – тыныштық күні, ал 23 тамыз – дауыс беру күні.

Еске салайық, Құрылтай – бір палаталы парламент. Оның құрамына бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Құрылтай сайлауына жеті саяси партия қатысады: «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстанның Халық партиясы және Respublika партиясы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button