Жаңалықтар

Алаяқтар азаяр емес

Соңғы жылдары елімізде дін атын жамылып, халықты алдап жүргендердің қатары сиремей тұр. Олар өзін емші, әулие, көріпкел тіпті, ерекше қасиет иесі ретінде таныстырып, адамдардың сенімін пайдаланады. «Жолың жабылып қалған», «Бойыңа жын кірген», «Екі иығыңда үш әріп тұр» деп қорқытып, оны шығару үшін қомақты ақша талап етеді. Адамның басына күн туып, жаны қысылған сәтте «жылы сөйлеп, жыланша арбайтын» мұндай алаяқтар ең әуелі тамыршыдай тап басып, адамның қорқынышын іздейді.

Сурет ЖИ

1990 жылдардың басында Кеңес өкіметі құлап, халық есеңгіреп, рухани ізденісте әрі тығырықта жүрген заманда арбаушы секталар пайда болған. Мыңдаған адамның санасын улап, отбасынан бездірген үлкен әлеуметтік қасіретке айналды. Олардың сол кездегі іс-әрекеттері мен бүгінгі алаяқтардың сипаты бір-біріне ұқсас. Бұл қозғалыстың басында өздерін «Әулие», «Көріпкел», «Алланың елшісімен тікелей байланысқа шығатын аққулармыз» деп жариялағандар тұрды. Олар өздерін ерекше қасиет иесі санап, ақ киім киіп, ақ орамал тағып, ел арасында өз ілімін таратты.

Кейінірек мемлекет мұндай ағымдардың қауіптілігін түсініп, олардың қызметіне шектеу қоя бастады. Алайда, олардың әдіс-тәсілдері жоғалып кеткен жоқ. Бүгінде әлеуметтік желіде қаптап кеткен «Инста-емшілер», «Әулиесымақтар» мен «Бақсы-балгерлер» сол кездегі әдістердің жаңа үлгідегі жалғасы іспетті. Бұрын көпшілікті далада, кесене басына шақырса, қазір әлеуметтік желі арқылы адам санасын арбайды. Бұрынғыдай ақ киім кимесе де, «Жолыңды ашамын», «Тәубеңе келтіремін» деп түрлі рәсім жасатып, қомақты қаржы талап етеді. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейді дана халқымыз. Елімізде дін атын жамылып, емшілік пен әулиелікті кәсіп қылған, адамның жаны қысылған сәтін пайдаланып, қалтасын қағатын алаяқтардың қаптап кеткені жасырын емес. Осы тұста қарағандылық азамат (есімін жасыруды өтінді) жақында ғана әулетінде болған оқиғасымен бөлісті.

– Ауырып, жаным қиналып жүргенде үйіме туысымның құрбысы келді. Содан менің жүзіме қарап, хал-жағдайымды сұрады. Өзін «Емшімін» деп таныстырып, үш күн өмірімнің қалғанын айтты. Мен емханаға баратынымды айтып едім, бірақ, үш күнде олардың ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Содан мені Түркістанға апарып емдейтінін жеткізді. «Жақындарың саған дуа жасаған», «Сені көре алмайды» деп адамның туған-туыстарына деген сенімін бұзып, өзіне мені тәуелді етті. Сөйтіп, Түркістанға барып, үш күн ем қабылдадық. Бұл – ислам дінінде де, адамгершілік қағидаларында да жоқ әрекет. Мені туған-туысыма қарсы қойды. «Өңім бе, түсім бе, ажырата алмадым. Босқа кеткен ақша-ай! Ешқандай ем қонбады. Ең дұрысы – дәрігерге қаралу екенін түсіндім, – деді қарағандылық азамат.

Алайда, тарихи-рухани мұра саналатын мекенді «емшісымақтар» халықты адастыру құралына айналдырған. Ең сорақысы әлгі азаматқа «Қан шығару керек» деп соңында қанға шомылдырған. Жерге етпетінен жатқызып, айналып бір нәрселерді оқыған. Ал, сойылған малдың етін сатып, қаржысын өз қалтасына басқан.

Осы тұрғыда анық-қанығын білу үшін Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылы «Қажыбай қажы» мешітінің наиб-имамы Орифжон Нуровпен тілдескен едік. Имам өз сөзіне дәл осындай мәселемен жүгінетіндердің де қарасы қалың екенін баса айтты.

– Бал ашып жүрген емшісымақтардың қатары көбейіп кетті. Бірі клиент тарту үшін «Сенің өміріңде бәленше өзгеріс болады», «Жақын арада үйленесің» деп бал ашып, өзіне сендіреді. Бұл – мүлдем қате түсінік. Біздің қай уақытта үйленіп, қашан бай болатынымызды, жолымыздың ашылу-жабылуын бір Алладан басқа ешкім білмейді. Бірақ, бақсы-балгерге барып, олардың «Шам жағып, отпен аластап, қорғасын құйып емдеймін» дегендері – таза өтірік. Жақында бір кісі: «Балам ауырып, ашуға булығып, заттарды лақтырып, сындырып жатыр. Не істесем болады?» деп емдеу жолын сұрады. Мұндай жағдайда, ең бірінші кезекте дәрігермен кеңесіп, баланы толық медициналық қаралудан өткізу керек. Егер медициналық тексерістен кейін ешқандай нақты диагноз анықталмаса ғана діни көмекке жүгінген жөн. Көз тию немесе жын қағу секілді жағдайлар расталса, біз Құран қағидаларына қарсы шықпай, тек қана қасиетті Құран аяттары мен хадистердің жолымен (руқиямен) емдейміз, – деді Орифжон Нуров.

Кез келген сектаның басында отырған адам – ең мықты психолог. Олар адам психологиясын өте қатты зерттейді. Адамдардың ең әлсіз жеріне соққы береді. Мысалы, қолында ақшасы, дүниесі жоқ, жаны қиналғандарға қаржылай көмек беріп, өз тобына қосады. Кейін оның санасын улап, өз ата-анасына, туған-туыстарына қарсы шығуға шақырады. Құран Кәрімде: «Біз Құранды мүмін-мұсылмандарға, жүрегінде иманы бар жандарға шипа әрі рақым етіп түсірдік» деп анық баян еткен. Құран – тірілердің жүрегіне иман құятын кітап, бақсылардың бақыр табатын құралы емес.

– Егер сіздің діни білім ал­ғыңыз келсе, немесе көкейіңізде қандай да бір сұрақ туындаса, тек қана мешіт имамдарына жүгініңіз. Интернет желісіне үңіліп, беймәлім адамдардан сұрап, жат ағымдардың жетегінде кетпеңіз. Алаяқтардың арбауына түспей, шынайы әрі таза діни білімді ресми мешіт қыз­меткерлерінен алған жөн, – деді наиб имамы.

Ал, зират басына, кесенеге баратын адам тек қана «Алладан мейірім, Пайғамбардан шапағат» деген ниетпен ғана баруы тиіс екендігін жеткізді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  «Уа, Алланың құлдары! Емделіңіздер, өйткені Алла Тағала кәріліктен басқа барлық дерттің шипасын жаратқан», делінген. Сондықтан, шипаны сиқыр мен жалған емшілерден емес, медицина мен білікті мамандардан іздеу қажет. Құқықтық тұрғыдан алғанда, адамдарды алдап, қорқытып, жалған қызмет көрсетіп, ақшасын иемдену – алаяқтықтың белгісі. Мұндай жағдайға тап болған азаматтар құқық қорғау органдарына жүгінуі тиіс. Діни сауаттың жоқтығынан кеше алданған жұрт, бүгін интернет дәуірінде түрлі «емшілерге» арбалып жүр. Кешегі тарихтан сабақ алып, дін мен сиқырды, иман мен алаяқтықты ажырата білетін уақыт жетті. «Дінді мал табудың құралына айналдырғандар – иманның емес, нәпсінің құлы». Сананы сиқыршылар, қалтаны алаяқтар тонамасын. Ауырсақ, шипаны заманауи медицина мен білікті дәрігерлерден іздейік.

Камила ЖЕКСЕНБИНА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button