Жаңалықтар

Арда азаматтың аманаты

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жарты ғасырға жуық ғұмырын ақпарат саласына арнаған қарымды қаламгер Оралбек Жүнісұлының шығармашылық мұрасын жинақтаған «Айналайын…» атты көлемді кітап жарық көрді. Алматы қаласындағы «Қазына» баспаханасында басылған бұл еңбек – журналистің өмір жолы мен шығармашылық әлемін тұтас қамтыған тағылымды туынды.

«Айналайын…» жинағы бес бөлімнен тұрады. Бірінші «Қаламның құдірет күші» бөлімінде Оралбек Жүнісұлының әр жылдары жазған мақалалары, очерктері мен өңірдің белгілі тұлғалары туралы танымдық жазбалары топтастырылған. Бұл бөлім қаламгердің қоғамдық өмірге сергек көзқарасын, ел тарихы мен адам тағдырына деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. «Жақсы адамдарым» атты екінші бөлімде автордың өмір жолында кездескен азаматтар туралы портреттік очерктері енгізілген. Бұл туындылардан қаламгердің адам танудағы шеберлігі мен кейіпкер болмысын ашудағы ерекшелігі байқалады. Үшінші бөлім «Ақпарат айдынындағы аяулы жандар» деп аталады. Мұнда журналистің өзімен бірге еңбек еткен қаламгерлер, әріптестері, ақпарат саласының өкілдері туралы жазған естеліктері мен мақалалары жинақталған. Бұл бөлім еліміздің журналистика тарихындағы бір буынның шежіресі іспетті әсер қалдырады. Төртінші бөлім «Қаламдастар қаламынан» деп аталып, мұнда Оралбек Жүнісұлы туралы әріптестерінің естеліктері, мақалалары мен ақындардың арнау өлеңдері топтастырылған. Бұл жазбалар арқылы автордың азаматтық болмысы, адами қасиеттері мен кәсіби беделі кеңінен ашылады. Ал, бесінші «Дүние-жалған» бөлімінде қаламгер өмірден өткеннен кейін жазылған естеліктер мен жоқтаулар енгізілген. Бұл бөлім оқырманды тебірентіп қана қоймай, елге сыйлы азаматтың жарқын бейнесін көз алдына әкеледі.

Айта кетейік, Оралбек Жүнісұлы – Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет және ақпарат саласының үздігі, «Ұлт мақтанышы» медалінің және Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері. Журналистік еңбек жолын 1974 жылы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде бастаған қаламгер бірқатар басылымда абыройлы еңбек етті. Оралбек Жүнісұлы қай қызметте жүрсе де ел мүддесін бірінші орынға қойды. Ол ауыл мен қаланы, өндіріс пен тіршілікті, қарапайым еңбек адамдарының тағдырын жазып, олардың еңбегін насихаттауды азаматтық парызы санады. Қаламгердің шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, адамға деген құрмет пен өмірге деген шынайы көзқарас анық сезіледі.

«Айналайын…» кітабы – бір журналистің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Бұл жинақта автордың соңғы жылдары жазған мақалалары, сұхбаттары, эссе-очерктері, арнау өлеңдері, сондай-ақ, өзі туралы естеліктер мен жоқтаулар қамтылған. Сондықтан, кітапты журналистика тарихына қызығатын оқырмандар да, жас қаламгерлер де, жалпы әдебиет сүйер қауым да қызыға оқитыны сөзсіз. «Айналайын…» – халқына адал қыз­мет еткен арда азаматтың рухани мұрасы. Қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізетін бұл кітап – қазақ журналистикасының алтын қорынан лайықты орын алатын құнды еңбек.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button